Жиында берілген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы бақылауға алынды.
Түркістан облысында тағы да жаңа зауыттар мен жұмыс орындары ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында инвестиция тартуды, инвестициялық ахуалды жақсартуды және жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өтті. Отырысқа салаға жауапты облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты.
Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселе қаралды. Бірінші кезекте, іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланды. Түркістан облысында биыл жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалар мен 2025 жылы өтетін форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстар жайында баяндалды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін атап өтіп, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешу бойынша тапсырмалар берді.
– Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту. Бұл тек экономиканы дамытуға ғана емес, тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға да ықпал етеді. Әрбір инвестициялық жобаның табысты іске асуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсету керек. Түркістан облысында жұмыс істегісі келетін әрбір инвестормен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиын барысында жоба бастамашылары жүзеге асырылып жатқан жобаларын таныстырып, өзекті мәселелер туралы баяндады.
Бәйдібек ауданында «Корпорация «Ernur» ЖШС жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрама жем зауытының құрылысын іске асыруды жоспарлап отыр. Жоба құны – 7,6 млрд теңге. Жобаны биыл іске қосу көзделген. Құрамажем зауытының құрылысына қажетті жабдықтар Түркия еліннен, балапан өсіретін фабриканың құрылысына қажетті жабдықтар Германиядан сатып алынған. Жобаны 3 кезеңмен іске асыру жоспарланған. Бүгінде 23,8 гектар аумаққа кешенді құс фабрикасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ балапанға арналған ферманың жері тегістеліп, бетондау жұмыстары жүргізілуде. Жоба 1,6 МВт электрмен жабдықтауды қажет етеді. Инфрақұрылымның сыртқы желілерін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында тарту жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілген.
Сайрам ауданында «Kuzov Karabulak» ЖШС 2,5 млрд теңгеге арнайы техника құрастыру зауытының құрылысын 95 пайызға аяқтап қойған. Компания директоры жоба бойынша ағымдағы жағдайға тоқталып, электр энергиясын тарту мәселесін қозғады. Қазіргі таңда 4 гектар жерде зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Арнайы техника құрастыру зауытынан шығарылған өнімдерді қаржылық лизинг арқылы ұсыну бойынша тиісті құжаттар жинақталуда. Жоба 600 кВт электр қуатын қажет етеді.
Сайрам ауданындағы «Meat Magnat» АӨК ет комбинаты мен 10 000 басқа арналған бордақылау алаңы құрылысын, «Nurym Group» ЖШС етті терең өңдеу ет комбинатының құрылысын және «Red Gold» ЖШС Аустралия әдісімен мал базарының құрылыс жобасын іске асыруда. Сондай-ақ ауданда «Gen Group Kazakhstan» ЖШС өндірістік жылыжай кешенін құрылысын, «Zaman milk products» ЖШС сүт өнімдерін өндіретін зауыт құрылысын жүргізіуде.
Арыс қаласындағы «Turkistan Agro.kz» ЖШС 1830 гектар аумақта жаңбырлатып суғару әдісімен жем-шөп дақылдарын өсіру ісін қолға алды. Ордабасы ауданында «HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD» ЖШС ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өңдейтін зауыттың құрылысын жолға қойды.
Сауран ауданындағы «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауытын іске қосу үшін 1,5 МВт электр энергиясы қажет етуде. «Мырзахан» ШҚ ет комбинаты, құрама жем шығару, тері өңдеу цехтары және бордақылау алаңы құрылысы бойынша «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы 5 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға өтінім берілген. «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ тарапынан қаржыландыру қарастырылуда.
Штаб отырысында биыл іске асырылатын инвестициялық жобалар және 2025 жылғы форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің іске асырылу барысы туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың есебі тыңдалды. Бизнес форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Түркістан қаласында 5 жоба іске аспақ. Отырар және Ордабасы аудандарында екі-екі жоба іске қосылады.
Инвестициялық штаб отырысы барысында облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында ашық диалог орнап, жаңа жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды. Жиында берілген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы бақылауға алынды.


