Кесененің жай-күйін кешенді зерттеу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қадағалауымен тиісті жұмыстар 2023 жылы басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда.
Түркістан облысында ұлттық мәдени мұраларды сақтау және ЮНЕСКО тізіміне енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы ғалымдардың Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзенінен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқанын, осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлерімізді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды.
Осы ретте Түркістан облысында ЮНЕСКО тізіміне мәдени мұра нысандарын енгізу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27 сессиясында әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Қазіргі таңда аталған мәдени мұра объектісінің жай-күйін сақтау жұмыстары мемлекеттік бақылауда. Кесененің жай-күйін кешенді зерттеу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қадағалауымен тиісті жұмыстар 2023 жылы басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда.
Сонымен қатар «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағындағы «Күлтөбе» қалашығын абаттандыру жобасын» Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның 1972 жылғы Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияның талаптарына сәйкес ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетімен келісу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысында тарихымызды бейнелейтін таңбалы тастар көп шоғырланған. Солардың бірі – Созақ ауданында орналасқан Арпаөзен петроглифтері. 2023 жылы бұл аумақта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда Арпаөзен археологиялық кешенін арнайы қорғауға алу жұмыстары жүргізілуде. Арпаөзен петроглифтерін қорғау жұмыстары екі кезеңнен тұрады.
Айта кетейік, 2021 жылы «Арпаөзен» петроглифтері ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының алдын-ала тізіміне енгізілген болса, 2025 жылы Арпаөзен археологиялық кешені республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізіліп отыр.
Бұдан бөлек, облыс аумағында туристер көп шоғырланатын ортағасырлық Сауран, Отырар, Күлтөбе қалашықтары «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» атты трансұлттық аталымы бойынша Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу жоспарлануда.


