Түркістан облысында туберкулезге шалдығу деңгейі төмендеген

0
76

2018 жылдан бастап фтизиатр, бактериолог, орта және кіші буын қызметкерлері емхана жүйесіне штаттық бірлікпен берілді.


Түркістан облысында туберкулезге шалдығу деңгейі төмендеген

Түркістан облысында туберкулез дертімен тіркелген науқастардың саны 52,2 пайызға азайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында туберкулезге қарсы күрестің нәтижесінде соңғы 10 жылда бұл дертпен тіркелген науқастардың саны 52,2 пайызға азайды. Осыған байланысты 2015-2025 жылдар аралығында төсек қоры 740-тан 250-ге дейін, яғни 66,2 пайызға қысқартылды. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісті айтылды.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халық денсаулығын сақтау – ең басты басымдықтың бірі екенін айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.


– Туберкулезге қарсы күресті күшейтуді тапсырамын. Науқастарды ерте анықтау, заманауи емдеу әдістерін қолдану және профилактикалық шараларды кеңейту арқылы індеттің таралуына тосқауыл қоюымыз керек. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру қажет, – деді облыс әкімі.


Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев туберкулезге қарсы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылдың 8 айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 9,7%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 18,5-тен 16,7-ге азайды. Бұл көрсеткіш республика бойынша 23,6-дан 20,7-ге, яғни 12,3%-ға төмендеген. Балалар арасындағы жағдай да жақсарып келеді. Жалпы 2016 жылдан бастап туберкулезге қарсы жаңа препараттармен емдеу жүргізіліп келеді. 2020 жылдан бастап қысқа мерзімді схема бойынша емге 355 науқас іріктеліп, оның бүгінгі таңда 320-сы емін сәтті аяқтап отыр. 2025 жылдың мамыр айынан бастап BPal схемасы бойынша ем басталып, 17 науқас іріктеліп емделуде.


Бұл жаңа схемалар өз кезегінде науқастардың емделу мерзімінің қысқаруына алып келеді, яғни 18-24 айдан 6-12 айға дейін және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да тиімді болып табылады.


2018 жылдан бастап фтизиатр, бактериолог, орта және кіші буын қызметкерлері емхана жүйесіне штаттық бірлікпен берілді. Ал туберкулезбен ауыратын науқастардың азаюына орай «Балықшы» шипажайы 2020 жылы реформаланып, соматикалық ауруларға арналып бейіні өзгертілді. Туберкулезден кейінгі оңалту бөлімі орталықтың базасында ашылды.


Түркістан облысының фтизиатриялық қызметін жаңғыртудың 2025-2026 жылдарға арналған Шеберлік жоспарына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен 70 төсек орынды қысқарту көзделсе, ал 2030 жылға қарай туберкулезге қарсы 90 төсек-орын қалдыру жоспарланған.


Сонымен қатар облыс бойынша әлеуметтік қолдауға қаржы қаралған. Түркістан облысы бойынша амбулаториялық кезеңде емделіп жүрген науқастардың тағайындалған ем тәртібін үзбеуіне ынталандыру мақсатында тұрақты түрде ай сайын 10-15АЕК көлемінде әлеуметтік көмек берілуде. Жергілікті бюджеттен 2025 жылдың 8 айында 553 науқасқа 125 590 748 теңге қаражат бөлінген. Туберкулезге бөлінген жалпы қаражатқа есептегенде үлес салмағы 7,6 пайызды құрады.

Бөлісу