Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраларды цифрландыру қарқынды жүргізіліп жатыр

0
114

Президенттің айтуынша, төл тарихы мен мәдениетін цифрлық форматқа көшірген елдер ғана жаһандық өркениетте өз орнын сақтай алады.


Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраларды цифрландыру қарқынды жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраларды цифрландыру қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызы арта түсетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, төл тарихы мен мәдениетін цифрлық форматқа көшірген елдер ғана жаһандық өркениетте өз орнын сақтай алады. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында аталған бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде.


Кітапханалар тарихи-мәдени мұраны насихаттауда маңызды рөл атқарады. Бүгінде Түркістан облысында 388 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Оның ішінде Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы әдістемелік орталық ретінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда 349 кітапхана компьютерлік техникамен қамтамасыз етіліп, 217 кітапхана интернет желісіне қосылған. Аудандық, ауылдық кітапханаларды, интернет желісімен, компьютерлермен қамтамасыз ету жоспар бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.


Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталған. Кітапхана ИРБИС бағдарламасымен жұмыс істейді. Бүгінде оның базасына 40 мыңнан аса кітап енгізілген. Ал аудандық және қалалық кітапханаларда «Рабис», «Веб-Рабис» және «Мега-Рабис» жүйелері қолданылуда.


«Фараб» кітапханасында ИРБИС-64 бағдарламасы арқылы 24/7 режимде жұмыс істейтін автоматты кітап беру және қабылдау терминалы орнатылған. Бұл жүйе оқырмандарға кітапханашының көмегінсіз қызмет алуға мүмкіндік мүмкіндік беріп, уақытты үнемдеуге жол ашады. Сондай-ақ кітапханада RFID жүйесі енгізілген. Биыл кітапхана базасында «Дрон» сыныбын ашу жоспарланып отыр.


Кез келген оқырман мен қонақтың қызығушылығын арттыру мақсатында «FabLab» сандық шеберханасы үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда 3D-принтерлер, түрлі өрнек салуға арналған лазерлік құрылғылар, үлкен көлемдегі ағаш кесетін станоктар және кішкентай дүниелерден бастап, күрделі робот жасауға дейін мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтар толық қамтылған.


Бұдан бөлек, биыл Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы Түркістан қаласынан жаңа ғимаратқа орналасты. Заманауи кітапханада оқырман балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Face-ID жүйесі және оқырман билетін жылдам шығару принтері орнатылды. Оның көмегімен кітапханаға келген әрбір келуші сыртында аты-жөні жазылған жеке оқырман билетіне ие болады. Сондай-ақ балалар кітапханасының барлық қоры тіркеліп, сандық жүйеге көшу бойынша Ирбис бағдарламасын орнату жоспарлануда.


Айта кетсек, бүгінде облыстағы 24 музей толығымен компьютермен қамтылып, интернет желісіне қосылған. Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығы кинетикалық, интерактивтік, анимациялық және аудиовизуалды технологиялардың арқасында Қазақстандағы жоғары технологиялық нысандардың бірі болып саналады. Әр экспозициялық залдарда қабырғаларда декорацияға арналған жалпы саны 8 дана LED экран орналасқан. Ол LED экрандарда экспозицияға арнайы жасалған бейне роликтер көрсетеді. Сонымен қатар орталықта әр залдарында жалпы саны 24 дана LCD панель электронды сенсорлы құрылғылар қойылған. Онда орталықтағы жәдігерлер туралы ақпараттар 3 тілде жазылған. Келген турист өзіне керекті жәдігер туралы толық ақпарат ала алады. Цифрлық технологияларды енгізу тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауды жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің рухани әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

Бөлісу