Аталған мәселені шешу үшін облыс әкімімен кешенді жоспар қабылданған.
Түркістан облысында су нысандарын жөндеу, реттеу жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4180 канал бар. Олардың 76%-ы жөндеуді қажет етеді. Аталған мәселені шешу үшін облыс әкімімен кешенді жоспар қабылданған.
Жоспарға сәйкес, Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделуде. Нәтижесінде, каналдардың тозу көрсеткіші 50 пайызға дейін төмендейді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бұл мәселені аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен бірге зерделеді.
– Барлық деңгейдегі су арналарының жағдайын баяндаңыздар. Шаруа үшін тіпті әр арықтың жағдайы маңызды екенін ұмытпайық. Өз күшімізбен реттеуге болатын мәселелерді шешуге осы кезден кірісуіміз қажет. Ал қаржы қажет ететін арналар сумен қамтылатын аумақ көлеміне қарай, кезегімен жөнделетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Акмуратов «Құртай» каналы жер арық күйінде болғандықтан фильтрация арқылы су көп жоғалтатынын, арнаның тереңдеп кеңейгені салдарынан су жеткізу қиындық туғызатынын жеткізді. Канал жыл сайын қамыспен бітеліп, тұрақты механикалық тазалауды қажет етеді. Күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Тиісті жұмыстар атқарылса, нәтижесінде 1000 гектардан астам жерге су жеткізу жақсарады.
Келес ауданында «Оймауыт» су торабының жағдайы өзекті. Бәйдібек ауданында «Комсомол» каналын толық қуатта пайдалану үшін 16,3 шақырымын жөндеу қажет. Ішкі лоток жүйелерінің тозығы жеткен.
Шардара ауданы Жаушықұм массивінде 12 192 гектар егістікке су жеткізетін құбыр мен сорғы станциясының да жағдайы күн тәртібінде қаралды.
Сарыағаш ауданында «Р-4-2», «Шаншар құлақ» және «Құлтума», «Кескен», «Сарыүйсін», «57-тармақ», «Қаратас», «Рамадан», «Шошым», «Р-15 » каналдары жөндеуді талап етеді.
Кентаудағы «Ырмақ-Өзен» су қоймасы екі жыл бұрын «Тұран су» мекемесі тарапынан ағымдағы жөндеуден өткен. Алайда мәселе түбегейлі шешілу үшін күрделі жөндеу қажет. Ырмақ өзенінен су қоймасына дейін құбыр тарту, «Таздар» арығын бетондау маңыздылығы да баяндалды.
Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқармаларға тиісті тапсырмалар берді. Жауаптылар бекітіліп, орындалу мерзімі нақтыланды.


