Бүгінде облыста 50 колледж жұмыс істейді.
Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде қаралды. Жиында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүзеге асқан шаралар және алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтар жөнінде баяндалды. Өңір басшысы мемлекет тарапынан бөлінген гранттарды сапалы игеріп, білікті мамандар даярлап, жастарды облыста ашылып жатқан өндіріс орындарына жұмысқа орналастыру қажеттігін жеткізді.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орыновтың айтуынша, бүгінде облыста 50 колледж жұмыс істейді. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі жекеменшік. Колледждер ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, туризм, техника және технология, медицина, өнер және гуманитарлық ғылымдар, білім салалары бойынша мамандар даярлауда. 84 мамандық бойынша 46 747 студент білім алуда. Оның 79 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.
2024-2025 оқу жылында облыс колледждерін 12 619 студент тәмамдады. Түлектердің 81 пайызы жұмыспен қамтылып, жоспарланған көрсеткіш толық орындалды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5 пайызға жоғары.
Талдау нәтижесінде техникалық, өндірістік және ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтар бойынша жұмыспен қамту деңгейі 90-100 пайыз аралығында екені анықталды. Ал қызмет көрсету, шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы мамандықтарда көрсеткіш орташа деңгейде қалып отыр. Кейбір медицина, қауіпсіздік және әкімшілік мамандықтары бойынша еңбек нарығындағы сұраныс төмен. Осыған байланысты 2026 жылға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұсынуда сұранысы төмен мамандықтарды қысқартып, инвестициялық жобалармен және өңірдің нақты кадр қажеттілігімен тікелей байланыстыру жоспарлануда.
2025-2026 оқу жылына облысқа 15 500 мемлекеттік грант бөлінді. Оның 57 пайызы жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Дуальды оқыту жүйесі де дамуда. 692 кәсіпорынмен жасалған келісімдер аясында 36 колледжде 11 223 студент дуальды форматта білім алып жүр. Өңірдегі 12 колледж шетелдік оқу орындарымен 20 халықаралық меморандумға қол қойып, қос диплом беру, академиялық ұтқырлық және педагогтердің халықаралық тағылымдамасын жолға қоюда. 2025 жылы 3 колледж халықаралық акредитациядан өткен.
«WorldSkills Kazakhstan–2025» ұлттық чемпионатында Түркістан облысының құрамасы 39 құзыреттілік бойынша қатысып, 4 алтын, 6 күміс, 6 қола және 7 арнайы медальон иеленіп, командалық есепте республика бойынша үшінші орынға қол жеткізді.
Жиын қорытындысында 2026 жылға бірқатар басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, студенттердің сабаққа қатысуын цифрлық форматта бақылау, мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірдің нақты кадр қажеттілігімен және инвестициялық жобалармен тікелей байланыстыру, сұранысы төмен мамандықтарды оңтайландыру және дуальды оқытуды ірі инвесторлармен бірлесіп кеңейту көзделіп отыр.


