Түркістан облысында әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды

0
325

Бұл саладағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының біз әйелдердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударуымыз керек деген тапсырмасына сүйенетіні айтылды.


Түркістан облысында әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды

Түркістан облысында «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Әйелдер мен қыз-келіншектерді бастамашылдығын қолдауға арналған маңызды қоғамдық-саяси алаңның ашылуына «AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Шолпан Каринова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысты.


Әйелдердің әлеуетін ашу, дағдыларын дамыту, олардың батыл қадамдар жасауына қолдау көрсетуге арналған мектептің ашылуына арналған ресми жиынды облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева жүргізді. Мектептің ашылу салтанатына және алғашқы лекцияларға аудан, қалалардағы партия филиалдары Әйелдер қанатының жетекшілері, белсенді құрамы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаларда қызмет атқаратын, белсенді қоғамдық ұстанымымен танылған қыз-келіншектер, халықтың сенім мандатын иеленген нәзік жанды депутаттар, облыстық Әйелдер қанатының 10 бағыт бойынша бекітілген жетекшілері, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.


Түркістан облысындағы әйелдерге арналған «Бөрте» саяси көшбасшылық мектебінің ашылуын қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды әрі тағылымды бастама екенін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мәлімдеді.


«Түркістан өңірі – тарихы терең, тағылымы мол қасиетті өлке. Түркістан облысында жалпы халық санының 49 пайызын әйелдер құрайды. Биылғы он айда өңірімізде 38 мың бала дүниеге келді. Қазіргі таңда, облыста 185 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 18 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері болса, 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері атанған. Түркістан облысында шамамен 212 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 89 мыңға жуығын немесе 42 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Өңіріміздегі 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі нәзік жандылар болса, оның 233-і – басшылық лауазымдарды атқарады. Бүгін ашылуы өтіп жатқан «Бөрте» саяси мектебінің қабырғасында білім алған әйел көшбасшылар елдік мүддені алға қоятын, қоғамның дамуына нақты үлес қосатын тұлғалар боларына күмән жоқ. Бұл мектептен дәріс алған қыз-келіншектер болашақта мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси салада, кәсіпкерлік пен әлеуметтік бастамаларда елге үлгі көрсетеді деген сенімдеміз», - деді Ертай Кенжебекұлы.


Саясаттағы әйелдер мен олардың қазіргі және болашақ мүмкіндіктері жайлы Шолпан Таңатқызы кең мағлұмат берді. Бұл саладағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының біз әйелдердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударуымыз керек деген тапсырмасына сүйенетіні айтылды. Мемлекеттік саясаттағы әйелдер мәселесі Алаш Орданың 1917 жылы қабыланған шешімдерде көрсетілгеніне назар аударылып, әйелдер күн тәртібі тарихымыздағы үлкен саяси шешімдерге арқау болғаны түсіндірілді.


«Тәуелсіз Қазақстандағы әйелдер күн тәртібінің ілгерілеуін шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданса, 1998 жылы Қазақстан Республикасы 1979 жылғы әйелдерге қатысты барлық дискриминация түрлерін жою жөніндегі Конвенцияға қосылды. 2005 жылы Қазақстан Орталық Азияда бірінші болып 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын қабылдады. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. 2023 жылы «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты құрылды. 2024 жылы әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, оның ішінде отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғау құқықтарын күшейтетін заң нормалары қабылданды. Сондай-ақ 2024-2027 жылдарға арналған ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілетуді қамтамасыз ететін іс-қимылдар жоспары бекітілді. Биыл Қазақстандағы әйелдердің эмансипациясына қатысты тарихи шешімге 106 жыл толды. Бұл құжат 1917 жылы съезд қаулысымен Орынборда қабылданған болатын. Ел тұрғындарының жартысынан астамын немесе барлық тұрғындардың 51 пайызын әйелдер құрайды. Олар дауыс беруге белсенді қатысады, себебі әйелдер ел тағдыры мен болашақ ұрпаққа бейжай қарай алмайды. Олардың идеялары, өмірлік тәжірибесі және қажеттіліктері шешім қабылдау органдарында лайықты түрде ұсынылуы тиіс. Олар көтеретін мәселелер қоғам үшін өмірлік маңызды болып табылады. Әйелдер көтеріп жатқан жыныстық зорлық-зомбылықты жою, өмір сүру сапасы көтеру, зейнетақымен лайықты қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, бала күтімі бойынша демалыс және тағы басқа мәселелер қоғам үшін маңызды. Бұл тақырыптар саяси күн тәртібіне жүйелі түрде енгізіліп, басқа басымдықтармен тең дәрежеде талқылануы қажет», - деді Шолпан Таңатқызы.


«AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы гендерлік саясатты жетілдіру бойынша Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының негізгі ұсыныстарын, әлемдік аналитикалық орталықтардың ұлттық гендерлік саясатты бағалауларын, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы мен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының кешенді әлеуметтік зерттеуін, оқу құралдарындағы гендерлік құрылымдарды зерттеу нәтижелерін таныстырып өтті. Әйелдер үшін кәсіби саладағы кедергілер, Гендерлік алшақтықтың жаһандық индексі, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдердің көрсеткіштері, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатытының миссиясы мен мақсаттары, 10 басымдық аясындағы негізгі бастамалары, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуда «Tomiris» жобасының міндеттері, «Әйел аманаты» жобасының бастамалары таныстырылды.


Іс-шараға қатысушыларға ізгі тілегін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев те арнап, әйелдер көшбасшылық мектебінің ашылуы – тек білім беру жобасының басталуы ғана емес, ол – әйелдердің әлеуетін ашуға, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге, кәсіби және тұлғалық өсуіне бағытталған үлкен қадам екенін айтты.


«Біздің елімізде әйелдер талай салада биік белестерді бағындырып келеді. Ал көшбасшы әйел – ол тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге жаңа ойдың, тың идеяның, әділдік пен парасаттылықтың символы. Бұл мектеп, сол құндылықтарды қолдап, жаңа буынның танымын кеңейтіп, батыл әрі білімді көшбасшылар тәрбиелеуге арналған. Сіздерге осы мектепте жемісті білім, шабытты сәттер, жаңа мүмкіндіктер мен мықты серіктестіктер тілеймін. Әрбір қадамдарыңыз сенімді болсын. Ал, алған білімдеріңіз өздеріңізге ғана емес, қоғамымызға да пайда әкелсін», деді облыстық партия филиалының төрағасы.


Оқу курстары барысында оған қатысушыларға «Көшбасшы әйел болу мәдениеті: Өзін-өзі дамыту және жан-жақты өсу» тақырыбы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратова дәріс берсе, «Эмоцияларды басқару және стресс-менеджмент» тақырыбы бойынша философия ғылымдарының PhD докторы, гештальт-терапевт Салтанат Асанова пайдалы ақпараттармен бөлісті. «Медиада имидж қалыптастыру» тақырыбы бойынша – «Алатау» медиа-холдингінің басқарушы директоры Самат Сүлей, «Көпшілік алдында дұрыс сөйлеу техникасы» тақырыбі бойынша Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Орындаушылық өнер» кафедрасының аға оқытушысы Ұлболсын Кулетова дәріс оқыды.


«Бөрте» әйелдер саяси көшбасшылық мектебінің алғашқы дәрістер кезеңі өз мәресіне жетіп, мазмұнды жиын жөнінде «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы оз ойларымен бөлісті.


Атап өтуіміз керек, алғашқы дәрістер барысында қатысушылар саяси көшбасшылықтың негіздері, қоғамдық коммуникация, стратегиялық ойлау, шешім қабылдау мәдениеті, партиялық және ақпараттық жұмыс пен мемлекеттік басқарудың заманауи талаптары жөнінде жан-жақты білім алды. Теория мен тәжірибені ұштастырған бұл оқу форматы әйелдердің өзіне деген сенімін күшейтіп, қоғамдық белсенділігін арттыруға серпін берді десек те болады. Тарихтағы Бөртенің парасаты мен елдік ұстанымы бүгінгі қазақ әйелдерінің бойынан жаңаша сипатта көрініс табады деген сенімдеміз. Алдағы кезеңде мектеп жұмысы жалғасын тауып, өңірдегі әйел көшбасшыларды даярлаудың тиімді алаңына айналады деп білеміз. Партия әйелдердің бастамасын әрдайым қолдайды, себебі күшті қоғам – саналы әйел, жауапты ана, білікті көшбасшы арқылы қалыптасады.

Бөлісу