Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде

0
72

Өңірде су жеткізу жүйесін жетілдіру бағытында 33 жоба жүзеге асырылуда.


Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде

ERNUR.KZ. Түркістан облысында 2026 жылғы вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында кешенді жұмыстар атқарылды. Өңірде су жеткізу жүйесін жетілдіру бағытында 33 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Мерлан Керимжанов мәлімдеді.

«Биыл өңірде 338,3 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын сумен қамтамасыз ету жоспарланып, шамамен 3,4 млрд текше метр су беру лимиті белгіленді. Су жеткізу бойынша шаруаларымен 12 409 шарт жасалып, 277,5 мың гектар жерге су берілді. Қазіргі таңда Түркістан филиалының пайдалануында 3 615 су шаруашылығы нысаны бар. Олардың қатарында 18 суқойма, 10 су торабы, 1 су бөгеті, 5 781 шақырым магистралдық және шаруашылықаралық канал, 1 208 тік дренаждық ұңғыма және 3 086 шақырым қашыртқы-дренаж жүйесі бар. Инфрақұрылымның тұрақты жұмысын 14 өндірістік бөлімшеде еңбек ететін 1 400-ден астам маман қамтамасыз етеді. Филиалдың материалдық-техникалық базасында 191 арнайы техника бар. Су тапшылығы қаупі бар жерлерде жедел әрекет ету үшін биыл 53 су сорғы агрегаты сатып алынды. Сонымен қатар, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы К-16Б, К-19 және К-23 каналдарына 4 контейнерлік су сорғы станциясы орнатылып, қолданыстағы сорғы агрегаттары жөнделді. Жобалар аясында 973 каналдың 1 716,53 шақырым бөлігін темірбетонмен қаптау, 734 тік дренаждық ұңғыманы қалпына келтіру және 1 074 шақырым қашыртқы жүйесін механикалық тазалау көзделген. Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мақсатында Су шаруашылығы комитеті тарапынан 72 жоба әзірленуде. Оның ішінде 1 суқойма мен 179 ирригациялық каналды жобалау қарастырылған. Каналдардың жалпы ұзындығы 1 117,37 шақырымды құрайды. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 215 375 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту жоспарланып отыр» - деді сала басшысы.
Сондай-ақ, брифинг барысында Түркістан облысы бойынша «Арал-Сырдария» бассейндік су инспекциясы басшысы орынбасарының м.а. Ақтөре Түймебек «Сырдария» бассейні арқылы вегетациялық кезеңнің өту туралы баяндады.
«Сырдария» бассейні бойынша 2,5 млрд текше метр, «Арыс» бассейні бойынша 883 млн текше метр, «Келес» бассейні бойынша 648 млн текше метр су пайдаланылды. Қолайлы климаттық жағдайлардың нәтижесінде 2026 жылғы маусым басталғанға дейін суқоймаларда қажетті су қоры жинақталды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша су қоры өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Бұл суармалы алқаптарды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыстағы 42 суқойманың жалпы сыйымдылығы - 8,8 млрд текше метр. Қазіргі таңда Шардара суқоймасында 1 млрд, Көксарай су реттегішінде 22,4 млн, Бөген суқоймасында 32,1 млн, Бадам сусоймасында 15,4 млн текше метр су бар. Сонымен қатар, 2027 жылғы вегетациялық кезеңге қажетті су қорын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. «Қазсушар» РМК-мен бірлескен жұмыстар барысында Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында 793 келісім-шартсыз су пайдалану дерегі анықталды. Аталған деректер бойынша 122,7 млн теңге залалды өндіру туралы талап арыздар сотқа жолданды» - деді спикер.