Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 25 балуан қатысты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен қазақ күресінен «AMANAT BARYSY» турнирі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен қазақ күресінен «AMANAT BARYSY» турнирі өтті. Облыстық партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткізілген кең ауқымды турнирге облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 25 балуан қатысты.
Ұлттық рухты көтеретін жарыстың ашылуы Төлеби ауданы, Леңгір қаласындағы «Тағай» спорт кешенінде өтті. Жастарды жаны мықты, тәні шымыр болуға жетелейтін жарыстың ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай қатысты.
Облыстық партия филиалының төрағасы жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді тұрақтылық пен тұтастықтың символы болған Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қазақтың ежелден келе жатқан балуандық дәстүрін жаңғырту – қоғамның да, ұрпақтың да дамуына қызмет ететін бастама екенін айтты.
«Тәуелсіздік – халқымыздың ең қастерлі құндылығы, елдік рухымыздың негізі, мемлекетіміздің берік тұғыры. Осы ұлық мереке қарсаңында өтіп жатқан «AMANAT BARYSY» турнирінің маңызы ерекше. Қазақ күресі елдік мінезді, ұлттық рухты, адал бәсеке мен батырлықты насихаттайтын үлкен мектеп. Ұлтымыздың ежелден келе жатқан күрес өнері – ұлттың мінезін, күш-қайратын, табандылығын танытатын рухани байлығымыз. Бабалардан жеткен осы дәстүрді қазіргі ұрпаққа аман жеткізу – біздің парызымыз», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Аудан тұрғындары мен қонақтарына игі тілегін арнаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы «AMANAT BARYSY» турнирінің Төлеби ауданында өтуіне қолдау көрсеткен облыстық партия филиалына, жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлестерін қосқан аудандық мәслихат депутаттарына алғысын жеткізді.
Облысымыздағы әр аймақтың абыройын арқалған айбатты азаматтардың жарысына жанкүйерлер көп жиналды. Білектің күшімен ғана емес, жүректің үнімен боз кілемге шыққан балуандарды аудандық мәслихат депутаттары, облысымыздың әр аймағынан келген партия филиалдарының жетекшілері, аға буын өкілдері, спортқа жанашыр азаматтар, аудан тұрғындары мен белсенді жастар үлкен қолдаумен қарсы алды. Жарысқа қатысушыларды ұлт аспаптар оркестрі мен аудан өнерпаздары күтіп алып, ұлттық әуендермен құрмет көрсетті.
«AMANAT BARYSY» жобасы биыл республикамызда алғаш мәрте партия бастамасымен өтіп жатқан іс-шара. Түркістан облысында ұлттық мәдениетіміздің алтын арқауы саналатын қазақ күресі – ғасырлар бойы ұлт рухын, ерлік пен батырлық болмысын қалыптастырған көне спорттық ойындар ретінде дәріптеледі. Түркістанды тек тарихи орталық қана емес, халқымыздың жауынгерлік дәстүрі қалыптасқан аймақ ретінде таныту – партияластарымыз абыроймен атқаратын іс деп білеміз.
«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында өңірімізде бұқаралық спортты дамыту бағыты бойынша бірқатар маңызды міндеттер белгіленген. Салауатты ұлтты қалыптастыру, партиялас әріптестеріміздің спорттық белсенділігін арттыруда жуырда Қазығүрт ауданында облыстағы бастауыш партия ұйымдары арасында футболдан турнир өткізілді. Бұл іс-шара ортақ мақсат аясына біріккен азаматтар арасында ұжымдық ынтымақтастықты күшейтіп, партияның өзегі саналатын бастауыш ұйымдардың белсенді қызметін қамтуға серпін берді. Осы дәстүрді жалғастыра отырып, алдағы уақытта партияластарымыздың арасында волейболдан да сайыстар өткізу жоспарымызда бар.
Партияның «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен «Чемпиондық рух» жобасы қолға алынып, оның аясында елімізге белгілі саңлақ спортшылармен кездесулер, жаттығулар өткізу үрдісі қалыптасты. Осы мазмұндағы іс-шара кеше ғана Түлкібас ауданында өтіп, оған бокстан әлем чемпиондары ағайынды Махмұт және Төрехан Сабырхандар қатысты.
«AMANAT BARYSY» алаңында өткен әр белдесу нағыз жігіттік мінездің, төзім мен шеберліктің көрінісі болды. Балуандар өздерінің ерік-жігерін, табандылығын, ұлттық рухқа адалдығын көрсетті. Белдесулер басталған сәттен-ақ алаңда қайсарлықтың лебі сезілді. Татамиде өнер көрсеткен балуандардың бірі шалт қимылмен қарсыласын шалып жықса, бірі күтпеген тұстан қарсыласын атып ұрып жанкүйерлерді ду еткізді.
Балуандар тактикасы мен дайындығының деңгейі айрықша байқалды. Әр тәсіл – жылдар бойғы еңбектің, шыдам мен тердің жемісі екені көрінді. Бірі қарсыласын айналдыра жүріп қапталдан іліп түсірсе, енді бірі шабуылдаудан қаймықпай, белдесуді өз ырғағына бағындыра білді. Әр сәт, әр әдіс – жанкүйерлер жүрегін елжіретіп, ұлттық күрестің қаншалықты дамып келе жатқанын көрсетіп отырды.
Алғашқы айналымға қатысқан 25 балуынның ішінен 16 балуан үздік шығып екінші айналымға өтті. Екінші айналымда барлығы 8 белдесудің жеңімпаздары анықталды. Турнирдің ширек кезеңінде 4 белдесу өтті, олардың жеңімпаздары ақтық сайысқа жолдама алса, ширек финалда жеңіліс тапқан екі балуан үшінші орын үшін күресті.
Жарыстар қорытындысымен «AMANAT BARYSY» турнирінің ІІІ-орын иегері болып Бәйдібек ауданының намысын қорғаған Бекқұлұлы Әлфараби танылды, ол 200 мың теңгенің сертификат иегері атанды. Ақтық сайыста Отырар барысы Шорабек Ерсұлтан мен Шардара барысы Шамшидинов Қайсар белдесті. Ақтық сайыста шардаралық балуанның асығы алшысынан түсіп, «AMANAT BARYSY» атанды. Турнир жеңімпазына 500 мың теңгенің сертификаты бұйырса, отырарлық балуан күміс жүлдегер атанып, 300 мың теңгенің сертификатын алды.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы турнирге қатысқан барлық балуандарды, жаттықтырушыларды, жанкүйерлерді және жеңімпаздарды шын жүректен құттықтайды! Ұлттық спортты қолдау, жастардың рухын көтеру және аймақтың спорттық беделін арттыру жолындағы мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.


