Ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері құрметке бөленді.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері құрметке бөленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні құрметіне «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті. Іс-шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңір диқандарының 300 тоннадан астам өнімі ұсынылды. Одан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі мен «Ауыл аманаты» арқылы жүзеге асқан жобалар мен өнімдер таныстырылды. Көрмеге өңірімізде өндірілетін табиғи өнімдер қойылды.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» салтанатты мерекесі еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, оны дәріптеуге арналады. Күні кеше өткен ауыл әкімдерінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылды дамыту мәселесіне кезекті рет тоқталды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының маңызы айрықша. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында облысымыз ауыл шаруашылығы саласында жылды жоғарғы деңгейде қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығы бойынша республикадағы жалпы өнім көлемінің 13 %-ы біздің облысқа тиесілі. Осы жылдың 10 айында бұл салада 1,1 трлн. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 млрд. теңгеге немесе 21 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына инвестиция тартуда көш басында келеміз. Мақтаның нарықтық бағасы экспортқа тәуелді және жыл сайын өзекті мәселе болып отырғандығына байланысты, біз мақта-тоқыма кластерін құру жобасының алғашқы кезеңін бастадық. Алдағы 5 жылдықта дайын өнім шығаратын отандық толық циклді кәсіпорындарды құру есебінен, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті жоямыз. Бүгінгі таңда шаруаларымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне және өңіріміздің әл-ауқатын көтеруге үлкен үлес қосуда. Облыстың аграрлық саласын жаңа бағытта дамытуға өздеріңізбен бірге қол жеткіземіз деп сенемін. Біз өңіріміздің экономикасын көтеру жолында бірлесіп, еңбек етуіміз қажет. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Мерекелік жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа ҚР Президентінің «Еңбек даңқы» орденін, «Құрмет» орденін,«Ерен еңбегі үшін» медалін, облыс әкімінің дипломын табыстады. Сонымен қатар бірқатар еңбек адамы ҚР Премьер-министрдің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат жұмысшы мамандарға құрмет көрсетілді.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары Нұрлан Әлімжанов, Әйгерім Қалаубаева, Маржан Арапбаева, Қуандық Рахым ән шырқап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мыңға гектарға ұлғайып отыр. Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Одан бөлек, мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапқа егіліп, өнімділік екі есеге артты. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынып, құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде мақта өнімділігін 3 есеге дейін арттырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде. Бүгінгі таңда жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Бұл бойынша Түркістан облысының республикадағы үлесі 76 пайызға жетіп отыр.
Ал, мал шаруашылығының дамуы, ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада жетекші орында. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. 2025 жылдың 10 айына 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ.
Саланы әртараптандыру бағытында басымдық қайта өңдеу саласына берілді. Осы орайда, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынды. (мақта, жүгері, ет). Осы арқылы 2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемін қосымша 558 млрд.теңгеге ұлғайту күтілуде.
Облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарғаинвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітіліп, құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар биыл 10 айда өңірдегі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,1 есеге ұлғайды. Ал тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд теңге инвестиция тартылып 1,3 есеге өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгегі құрады. Өңір республикада алғашқы орында. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 207 млрд теңгеге, нақты көлем индексі 105 %-ға жеткізілмек.


