Оған 55,9 млрд теңге бөлінген.
Түркістан облысында 2026 жылы 100-ге жуық нысанның құрылысы жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы жылға жоспарланған құрылыс нысандары бойынша кеңейтілген жиын өтті. Мәжілісте 2026 жылға арналған құрылыс жұмыстарының барысы, қаржыландыру көлемі, салааралық мәселелер мен мердігерлердің жауапкершілігі жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына, аудан және қала әкімдеріне нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды, жобаларға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрхановтың айтуынша, 2026 жылы Түркістан облысында 89 нысанның құрылысын жүргізу көзделген. Оған 55,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 6,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 39,2 млрд теңге, бюджеттен тыс қорлар есебінен – 10,1 млрд теңге қаралған. Нысандардың 80-і бюджет қаражаты есебінен салынады, 6 нысанға 2026 жылға қаржы қаралмаған, 3 нысан қорлар есебінен жүзеге асырылады.
Білім беру саласында 13 нысанға 12 млрд теңге бөлініп, оның 9-ы 2026 жылы пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысан қосымша қаржы бөлінген жағдайда тапсырылады. Мектептерді 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында Сарыағаш қаласы мен Темірлан ауылында екі перинаталдық орталықтың құрылысы «Арнаулы мемлекеттік қор» есебінен қаржыландырылуда. Жобалардың жалпы құны 83,2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда нысандарда жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін 2026 жылы облыстық бюджеттен 34,6 млрд теңге бөлу ұсынылды. Сонымен қатар Қазығұрт ауылындағы орталық аурухананы кәріз жүйесімен қамтамасыз ету нысаны пайдалануға беріледі.
Мәдениет саласында 2025 жылдан өтпелі 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге қаралған. Мониторинг барысында Сарыағаш, Келес және Сауран аудандарындағы бірқатар мәдениет үйлерінде құрылыс талаптарының сақталмауы анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою жөнінде мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Спорт саласында 11 нысанға 3,6 млрд теңге қаралып, оның 6-ы 2026 жылы пайдалануға беріледі. Ордабасы ауданы Шұбар елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысында және Төлеби ауданы Зертас елді мекеніндегі спорт нысанында бірқатар техникалық мәселелер тіркелді. Бұл бағытта тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Тұрғын үй құрылысы бағытында 2026 жылы кредиттік 8 тұрғын үйдің (810 пәтер) құрылысы жалғасады. Қаржы толық қаралған жағдайда нысандарды жыл соңына дейін аяқтау мүмкіндігі бар. Жетісай қаласындағы 120 пәтерлік 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін 620 млн теңге бөлу ұсынылды.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша екі нысанның құрылысы жүргізілуде. Электрмен жабдықтау және теміржол жобаларына қатысты техникалық-экономикалық құжаттарға түзету енгізу қажеттігі атап өтілді.
Инженерлік инфрақұрылым және абаттандыру саласында облыс аумағында 21 нысанның құрылысы жүзеге асырылуда. 2026 жылы олардың 12-сін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, 7 көшенің құрылысына 2,9 млрд теңге қаралып, жыл қорытындысымен 6 көше пайдалануға беріледі.
Бюджеттен тыс қорлар есебінен Түркістан қаласында «Ана мен бала» орталығының құрылысы және Бәйдібек пен Келес аудандарында ангар типтес жабық спорт залдарының құрылысы жүргізілуде. Барлық аталған нысандарды биыл тапсыру жоспарланып отыр.


