«FinIQ» – Қаржылық сауаттылықтың жаңа кезеңі!
Қаржылық сауаттылық – заман талабы
Бүгінгі ақпараттық технология күн сайын дамып жатқан дәуірде қаржылық қауіпсіздік әр азамат үшін маңызды аспектке айналды. Себебі, кез келген азамат қаржы нарығындағы түрлі қызметтерге, онлайн төлемдерге және ең бастысы – желідегі алаяқтықтан сақтануға дайын болуы керек. Осы тұрғыда Қазақстанда алғаш рет Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған «Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант (FinIQ)» өткізіліп жатыр.
2025 жылдың 10–20 қазан күндері аралығына жоспарланған диктант онлайн форматта жүргізіліп жатыр. Тестте кез келген жастағы азаматтарға арналған 20 сұрақ қойылады. Диктантқа жасы мен біліміне қарамастан, кез келген азамат қатыса алады. Әр қатысушыға сертификат беріледі, ал жоғары ұпай алғандарға сый-жүлделер қарастырылған. Бұл бастама қаржылық алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың қаржылық білімін көтеру, қаржылық тәуекелдерді түсінуіне ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған.
Республикалық диктант басталған соң екі күн ішінде 100 мыңға жуық адам тестілеуден өткен болса, жалпы Қазақстан бойынша 200 мыңнан астам адам қатысуға тіркелген.
Қаржы мониторингі агенттігінің бастамасын қолдау мақсатында қазақстандықтарға танымал тұлғалар үндеу жасауда. Мысалы, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Асанәлі Әшімов пен Әділ Ахметов, Олимпиада ойындарының, Әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Сәкен Бибосынов, Сағындық Тоғамбай, Дидар Хамза, Ермахан Ибраимов, ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай, Мұхтархан Ділдәбеков тест тапсырды.
Түркістан өңіріндегі көрсеткіш қандай?
Түркістан облысының халқы республикалық диктант жобасына ерекше ықылас танытып жатыр. Сәйкесінше, облыста қаржылық сауаттылық курстарына 750 мың адамды қатыстыру жоспарланған және аудандарда диктантты таныстыруға арналған жиындар мен семинарлар өткізіліп, адамдарды тестке қатысуға шақыру жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр. Қоғамдық ұйымдар мен білім беру мекемелері акцияны қолдап, студенттер мен оқушылар арасында жарыстар ұйымдастыруда.
Нәтижесінде түркістандықтар бұл бастаманы белсенді түрде қолдап, ел бойынша үздік аймақтардың бірі атанды. Диктантқа облыс әкімі Нұралхан Көшеров және орынбасарлары, 17 аудан мен 181 ауылдық округтің әкімі қатысты. 3000-нан астам мектеп оқушысы қолдау шеруіне шықса, 100 жас домбырашының қатысуымен АФМ саябағында ерекше іс-шара өткізіліп, өнерпаздар домбыра үнімен ел азаматтарына «Қаржылық сауатты бол!» деген үндеу жолдады. Сонымен қатар, акцияға өңірдегі 764 мешіт, барлық колледждер мен жоғары оқу орындары қосылды.
Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы №33 «келешек мектебінде» қаржылық сауаттылықты көтеру жұмысы жүргізіліп, ашық дәріс өтті. Оған мектеп директоры мен орынбасарлары, оқушылар қатысып, Түркістан облыстық Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Балғабаев Ерболат Темірболатұлы және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер Асылхан Төлеповпен кездесті. Одан бөлек өңірдегі 45 колледждің өкілдері де қаржылық сауаттылықты арттыру жұмыстарына қатысты сауалдарына жауап алды. Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың дәріс залында студенттер мен оқытушыларға арналған ауқымды сессия өткізілді. Іс-шараға қатысқан 400-ге жуық азаматқа департамент басшысы Ерболат Балғабаев қауіпсіздік жолдарын түсіндірді.
Жалпы, өңірдегі үгіт-насихат жұмыстары әлеуметтік желілер, билбордтар, кинотеатрлар арқылы кеңінен жүргізіліп, «Керуен сарай» сынды халық көп баратын кешеніндерде QR-кодтар арқылы ақпараттандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл «Заң және тәртіп» идеологиялық бастамасының бір бөлігі болып саналады.
Осы ретте аталған бастаманы іске асырып, азаматтардың сауаттылығын көтеру жұмыстарына Түркістан облысы Экономикалық тергеу департаментінің айрықша үлес қосып жатқандығын атап өту керек.
FinIQ тек тест емес – бұл ел азаматтарының қаржылық сауатын көтеріп, мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды қозғалыс. Әр азамат өз қаржысын қорғау және экономикалық тұрақтылықты сақтау жауапкершілігін сезіне алуы керек.
Тестке мына сілтеме арқылы қатыса аласыз: https://amlacademy.kz/finiq
Бауыржан ЕРМАН