Өңір басшысы облыста инвестрларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
Түркістан облысының әкімі инвесторлармен әріптестік орнату бойынша келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды кезекті рет қабылдап, әріптестік орнату бойынша келіссөз жүргізді. Өңір басшысы облыста инвестрларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
– Бүгінде Түркістан облысы – еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Біздің өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан мақта талшығын экспорттаушы ел ретінде танылса, дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашуға және дамытуға зор әлеует бар. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақта салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде. Біз Сіздермен бірлескен жобаларды іске асыруға және барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде қос тарап әріптестікті нығайтып, жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады. Келіссөздер сәтті өткен жағдайда жаңа жобаларды жүзеге асыруға келісті.
Айта кетейік, Түркістан облысының инвестициялық климатын жақсарту, өңірге отандық және шетелдік капиталды тарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл облысқа негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткішін 1 трлн. 427,1 млрд. теңгеге жеткізу міндеті жүктелген. 9 айдың қорытындысымен облыстың капиталына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн. 12,2 млрд. теңгені құрады немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,9 %-ға жоғары. Бұдан бөлек 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.


