ТҮРКІСТАН: Мәслихат төрағалары есеп берді

0
98

Партия жұмысының негізгі тірегі – халықтың сенім мандатын алған депутаттар.


ТҮРКІСТАН: Мәслихат төрағалары есеп берді

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында депутаттар есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясы өзін халықтың үніне құлақ асатын, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай орындайтын, қоғам мен мемлекет игілігі жолында жұмыс істей алатын саяси күш ретінде танытып келеді. Партия жұмысының негізгі тірегі – халықтың сенім мандатын алған депутаттар. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау міндеті де дәл осы депутаттық корпустың жұмысы арқылы іске асуда. Мәслихат депутаттарының қызметіндегі басым бағыттарды тұрғындарға ашық жеткізу мақсатында «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы аудан, қала мәслихат төрағаларының қатысуымен брифингтер өткізіп келеді.


Бүгін партия филиалының алаңында өткен брифингке Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев пен Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысты. Журналистер депутаттардың және жергілікті өкілді билік тармақтарының атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен ақпарат алып, өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды.


Алғаш болып сөз алған Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев Мемлекет басшысының 2021 жылғы 12 наурыздағы №534 Жарлығына сәйкес Түркістан облысының құрамында Сауран ауданы құрылғанын атап өтті. Бүгінде аудан құрамына 12 ауылдық округ пен 33 елді мекен кіреді. 104 мыңға жуық халқы бар аудандағы 16 депутаттың 14-і – «AMANAT» партиясының өкілдері.


«Жыл басынан бері 9 сессия өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 68 шешім қабылданды. Депутаттар тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 107 депутаттық сауал жолданып, олардың 91-і толық орындалды, қалған 16 сауал орындалу үстінде. Өзім тарапымнан 47 депутаттық сауал жолдадым. Сауалдардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларына қатысты. Сонымен қатар, мәслихат аппаратына жеке және заңды тұлғалардан 17 өтініш түсіп, барлығына заңнама талаптарына сай мерзімінде жауап берілді», – деді Сержан Ермекбайұлы.


Бұдан бөлек, жыл басынан бері ауданның барлық 12 ауылдық округінде тұрғындармен есептік кездесулер және көшпелі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, 75 азаматтың өтініші тыңдалған. Өзекті мәселелер бойынша ЖСҚ әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына 67 депутаттық сауал жолданған. Сержан Ермекбайұлы партия филиалымен бірлесе отырып, сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.


Сөз кезегін алған Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасы Серғали Сәрсенбаев жалпы елдің алдына қойылған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындауда мәслихаттардың рөлі аса маңызды екенін атап өтті. Аудандағы 17 депутаттың 13-і – «AMANAT» партиясының мүшелері.


«Аудандық мәслихаттағы 3 тұрақты комиссияның төрағалары – «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері. Жыл басынан бері 3 кезекті және 4 кезектен тыс сессия өткізіліп, 37 мәселе қаралды. 9 ай ішінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 118 депутаттық сауал жолданып, олардың көпшілігі бойынша оң шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде аудан көлеміндегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағатты жағдайдағы үлесі 95,8 пайызға, орталықтандырылған ауыз сумен қамту 100 пайызға, табиғи газбен қамту 99,9 пайызға жетті. Тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру көрсеткіші 55 пайызды құрады. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында елді мекендерге қосымша 20 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ, жалпы 54 мың гектар жайылым жердің ішінде пайдаланылмай жатқан 3734 гектар жер жеке тұлғалардан мемлекет меншігіне қайтарылды», – деді Серғали Шыныбекұлы.


Брифинг барысында аудандық мәслихат төрағаларына БАҚ өкілдері сайлауалды бағдарламаның орындалу деңгейі, атқарылған жұмыстардың тиімділігі, депутаттардың жауапкершілігі және жастардың құмар ойындарына әуестігін шектеу мәселесіне қатысты бірқатар маңызды сұрақтар қойды. Төрағалар барлық сауалдарға жан-жақты, нақты деректермен жауап берді.

Бөлісу