Аудан басшысы бұл нысанның ауыл өміріндегі маңызын атап өтіп, мәдениет саласын дамыту – қоғамның рухани әлеуетін арттырудың басты тетіктерінің бірі екенін айтты.
Мақтаарал ауданында тағы бір маңызды нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал ауданында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында тағы бір маңызды нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне қайта тапсырылды.
Жаңартылған мәдениет үйінің ашылуына орай ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісу үшін аудан әкімі Бақыт Асанов Үлгілі ауылына арнайы барып, тұрғындарды құттықтады. Аудан басшысы бұл нысанның ауыл өміріндегі маңызын атап өтіп, мәдениет саласын дамыту – қоғамның рухани әлеуетін арттырудың басты тетіктерінің бірі екенін айтты.
Үлгілі ауылындағы мәдениет үйі – көп жылдан бері ауыл тұрғындарының басын қосып, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін негізгі орталық болып келген. Мұнда концерттер, театрландырылған қойылымдар, үйірмелер, жастардың кездесулері мен қоғамдық жиындар ұйымдастырылып отырған. Алайда уақыт өте келе ғимараттың техникалық жағдайы нашарлап, күрделі жөндеуді қажет еткен болатын.
Мемлекеттік бағдарламаның арқасында бөлінген қаржы есебінен мәдениет үйі толық жаңғыртудан өтті. Құрылыс жұмыстары барысында ғимараттың қасбеті жаңартылып, шатыры ауыстырылды, есік-терезелері заманауи үлгідегі жаңа материалдармен алмастырылды. Сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту, электр желілері толық жаңартылды.
Сахна мен көрермен залы қазіргі талаптарға сай қайта жабдықталып, мәдени шараларды сапалы өткізуге барлық жағдай жасалды. Бұдан бөлек, мәдениет үйінің ауласында ауыл жастары мен тұрғындары үшін футбол алаңшасы салынып, демалыс пен спортты қатар дамытуға мүмкіндік туды.
Жаңартылған мәдениет үйі алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелердің, театрлық және музыкалық қойылымдардың, ауылдық мерекелер мен қоғамдық іс-шаралардың жаңа деңгейде өтуіне жол ашады. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға оң ықпал етпек.
Айта кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, ауылдардың келбетін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.


