ТҮРКІСТАН: Келесте құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын жоба іске қосылады

0
149

Бүгінде құрал-жабдықтарды монтаждау және іске қосу алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Келесте құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын жоба іске қосылады

Келес ауданында құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын жоба жақында іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Али Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыбалдиев, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, Жүзімдік елді мекенінде салынып жатқан минералды су зауытының құрылыс барысымен танысты.


Сапар барысында депутаттарға зауыттың қазіргі жағдайы, атқарылып жатқан жұмыстар және жобаның алдағы кезеңдері таныстырылды. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи технологиялық қондырғылар жеткізілген. Бүгінде құрал-жабдықтарды монтаждау және іске қосу алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде.


Сенат және Мәжіліс депутаттары жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтіп, мұндай өндіріс орындарының ашылуы өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті әлеуетті арттыруға оң әсер ететінін жеткізді.


Жоба аясында «SunDala» брендімен минералды су және лимонадтық сусындар өндірілмек. Инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Зауыт толық іске қосылған жағдайда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өнімдер ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталмақ.


Сонымен қатар инвесторлар қойма салу үшін қосымша жер теліміне қажеттілік бар екенін айтты. Бұл мәселеге қатысты аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев тиісті қолдау көрсетілетіні жеткізді.


Кездесу соңында депутаттар жобаның уақытылы әрі сапалы іске асуына тілектестік білдіріп, мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету мәселелері назарда болатынын атап өтті.

Бөлісу