23 мың оқушыға арналған 29 мектеп (13%) Түркістан облысында бой көтерді.
Түркістан облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 мектеп пайдалануға берілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бәйдібек ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шаян ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
Өз сөзінде өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобаның өңірлердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, оқушылар үшін қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа мектептің ашылуы Бәйдібек ауданында білім сапасын арттырып, ауыл балаларына кең мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
Білім беру жүйесіндегі мектеп тапшылығын шешу мақсатында Президенттің бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы аясында республика бойынша 217 білім беру ұйымы салынуда. Соның ішінде 23 мың оқушыға арналған 29 мектеп (13%) Түркістан облысында бой көтерді.
Биыл жергілікті бюджет есебінен 17 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 41 мектепте реновация жұмыстары атқарылып жатыр, оның 25-інде жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Қазақстандағы шамамен 8 мың мектептің мыңнан астамы немесе 14%-ы Түркістан облысында орналасқан. Өңір мектептерінде 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Тек биылдың өзінде 48 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Сондай-ақ Түркістан облысының Ордабасы ауданында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған Өнер мектебі пайдалануға берілді. Темірлан ауылында ашылған жаңа нысан ауданның рухани дамуына серпін беріп, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Құрылысына 870 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалып, нысан бар болғаны сегіз айда бой көтерді.
Мектеп 300 оқушыға арналған. Мұнда балалардың музыкалық білім алуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуына барлық жағдай жасалған. Ғимаратта 150 орындық концерт залы, кітапхана, топтық сабақтарға арналған залдар, ұлттық аспаптарда, гитарада және фортепианода ойнауға үйрететін сыныптар бар.
Бәйдібектегі мектептің ашылуында облыс әкімі жобаның маңыздылығына тоқталды.
«Жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мұнда сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан оқушылар мен ұстаздарға үлкен қолдау көрсетілуде. Президенттің бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы аясында республика бойынша 217 оқу орны салынуда, соның 29-ы Түркістан облысында бой көтерді. Жаңа оқу орындарында білім сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұл мәселеде біз білікті педагогтарға үлкен үміт артамыз. Балалар терең білім алып, тәуелсіз Қазақстанды дамытатын азамат болып өссін!» деді Нұралхан Көшеров.
Бәйдібек ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай жергілікті тұрғындар атынан білім беру саласына көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысын білдірді.
Мектеп құрылысының жобалық құны – 3,5 млрд теңге. Жер телімінің аумағы 2,8 гектарды, ғимараттың жалпы ауданы 5700 шаршы метрді құрайды. Мектеп 300 оқушыға есептелген.
Жаңа мектептің іске қосылуы – өңірдегі білім беру саласын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Түркістан облысының әкімдігі алдағы уақытта да білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге және өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп, жұмысты жалғастырады.


