ТҮРКІСТАН: Кәмелетке толмағандар арасындағы өзекті мәселелер қаралды

0
66

Енді ата-аналар мен балалар QR код арқылы психологиялық көмекке жүгіне алады.


ТҮРКІСТАН: Кәмелетке толмағандар арасындағы өзекті мәселелер қаралды

Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың арасындағы өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда кәмелет жасқа толмағандар арасындағы өзекті мәселелердің алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиынға Облыстық білім, қоғамдық даму, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту басқарма басшылары мен полиция департаменті және облыстық психологиялық қолдау орталығының өкілдері қатысты.


Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылық сынды бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, алдын алу жұмыстарын күшейтуге қатысты ұсыныстар айтылды. Жиын барысында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, сала бойынша атқарылған жұмыстар мен өзекті проблемаларға тоқталды.


Ертай Кенжебекұлы мәжілісте айтылған мәселелер бойынша құзырлы органдарға тиісті жұмыстарды жандандыруды тапсырып, қатаң бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.


Жалпы облыста кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар, лудомания, буллинг, ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершіліктері туралы дөңгелек үстелдер, сұхбаттар, кездесулер, психологиялық сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар облыстағы барлық аудан-қала мектептерінде зорлық-зомбылық пен қорлаудың таралу деңгейін анықтауға бағытталған ауқымды әлеуметтік-психологиялық сауалнама жүргізілді.


Айта кетсек, облыстық білім басқармасының «Түркістан облысы психологиялық қолдау орталығы» КММ жанынан 24/7 жұмыс істейтін «111 байланыс орталығы» сенім телефоны іске қосылған. Енді ата-аналар мен балалар QR код арқылы психологиялық көмекке жүгіне алады.


Мұндағы мақсат – қиын жағдайда қалған балалар мен жасөспірімдерге, ата-аналарға, педагогтарға тегін, құпия, жедел психологиялық және ақпараттық көмек көрсету, зорлық- зомбылықтың, буллингтің, агрессияның алдын алу.

Бөлісу