Облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құраған.
Түркістан облысында жалпы өнім көлемі 1 трлн 254 млрд. теңгеге жеткізіледі деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы экономикасының негізгі драйверлері – инвестиция, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы салалардағы жұмыстар мен жоспарлар талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшыларының есептерін тыңдап, оларға және аудан, қала әкімдеріне осы салалардағы индикаторларды толық орындап, жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Біздің мақсатымыз – облысты өзін-өзі қамтитын өңірге айналдыру. Ол үшін өндіріс орындарын көбейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу керек. Инвестиция тарту жұмыстары тұрақты әрі сапалы атқарылуы қажет. Индикаторды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралады, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, 2025 жылғы 24-25 қараша аралығында Түркістан қаласында өткен «Turkistan Investment and Tourism Forum-2025» халықаралық инвестиция және туризм форумына шетелден 153 компания, жалпы 300-ден астам делегат қатысқан. Халықаралық форумда жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 9 меморандумға қол қойылды. Осы арқылы өңірде мақта кластері, металды терең өңдеу, индустриалды аймақ құру, қағаз өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өзге де ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Аудан, қала әкімдері де шетелдік инвесторлармен меморандумдар жасаған. Осы жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құраған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев саладағы индикаторлардың орындалу барысын баяндады. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жол картасы бойынша 2025 жылға негізгі 10 индикаторлық көрсеткіштер жоспары бекітілген. 11 айдың қорытындысымен 7 көрсеткіш толығымен орындалды. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын ендіру жоспары 140 %-ға, техника паркін жаңалау 143 %-ға, егіс алқаптарына минералды тыңайтқыштар енгізу 120 %-ға, жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын салу, сүт фермасын құру, жұмыртқа бағытындағы құс фермасын ашу жоспарлары 100 %-ға орындалған. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін өндіруде облыс республикада алғашқы орында, үлесі – 13%. 11 айда 1 трлн 154 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,2 % құрады. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 254 млрд. теңгеге жеткізіледі деп жоспарланып отыр.


