Жиында Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары өңірді дамыту бағытында ұсыныстарын жеткізді.
Түркістан облысының ғылыми кеңесінің жұмысы жанданады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімдігі жанынан құрылған ғылыми кеңестің жұмысы жандана түспек. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары әрі облыстық ғылыми кеңестің төрағасы Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен кезекті ғылыми кеңес отырысында талқыланды. Жиынға салалық басқарма басшылары, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, өңірдің жас ғалымдары мен профессорлық құрам өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылыми қолдау көрсету, инновациялық идеяларды өңірді дамытуда қолдану, жергілікті атқарушы органдар мен ғылыми қауымдастық арасындағы байланысты күшейту мәселелері қаралды.
Басқосуда Бейсенбай Дәулетұлы ғылыми кеңес жұмысын жандандыру мақсатында арнайы жұмыс тобын құруды тапсырып, жаңа бастамаларға ашық екенін жеткізді.
– Жергілікті атқарушы органдар мен ғалымдардың арасындағы байланысты нығайту – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Облыстың дамуы сіздердің ғылыми ізденістеріңіз бен интеллектуалды шешімдеріңізге де тікелей байланысты. Әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, жаңа бастамаларды қолға алған жөн. Сондықтан ғылыми кеңесті жаңа форматта дамытып, тиімді алаңға айналдыруымыз қажет. Білікті мамандардың ұсыныстары мен тың бастамаларына әрдайым ашықпыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ғылымды дамытудың басым бағыттары ретінде Түркістан облысында экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту көзделген. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігімен «Академиялық және зерттеу артықшылық орталықтарында» айқандалған жаңа бағыттарды, оның ішінде, өмір және денсаулық туралы ғылым бағыттарын енгізу жұмыстары атқарылуда.
Жиында Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары өңірді дамыту бағытында ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетейік, былтыр Түркістан облысы әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде кеңес құрамына өзгерістер енгізіліп, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған басым және мамандандырылған ғылыми бағыттар айқындалуда.