ТҮРКІСТАН: «Ескек есу» арнасының ашылуына 20 мыңнан астам адам жиналды

0
75

Бұл – тек спорт нысанының емес, күллі өңірдің дамуының жаңа кезеңі басталғанын білдіретін символикалық оқиға.


ТҮРКІСТАН: «Ескек есу» арнасының ашылуына 20 мыңнан астам адам жиналды

Түркістандағы «Ескек есу» арнасының ашылуы өтіп, мерекелік шараға 20 мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркі әлемінің жүрегі, рухани астана Түркістанда тағы бір тарихи күн тіркелді. Қалада Орта Азияда теңдесі жоқ заманауи «Ескек есу» арнасының ашылуы өтіп, мерекелік шараға 20 мыңнан астам адам жиналды. Бұл – тек спорт нысанының емес, күллі өңірдің дамуының жаңа кезеңі басталғанын білдіретін символикалық оқиға.


ЖАҢА БЕЛЕС – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай елімізде спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Түркістандағы «Ескек есу» каналы – осы стратегиялық бағыттың жарқын көрінісі. Арна халықаралық стандарттарға толықтай сай және академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сынды спорт түрлеріне бейімделген. Бірегей кешенде 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттығуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық әлеуеті бар. Бұл нысан Қазақстанды халықаралық спорт аренасында жаңа деңгейге көтермек.

Салтанатты шара аясында Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев арасында тарихи меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Түркістанды Орталық Азиядағы алғашқы есу спорты хабына айналдыруға жол ашады. Шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Мырзабосынов, сондай-ақ халықаралық және отандық спорт федерацияларының жетекшілері сөз сөйледі.


– Бұл – Түркістанның ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтататын тарихи оқиға. «Ескек есу» арнасы – болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейтін алтын ұя болады, – деді Нұралхан Көшеров.


“Turkistan Water Fest & Sky Lights” – ХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛДЫ

Ашылу салтанаты тек спорттық қана емес, нағыз мәдени феноменге айналды. «Turkistan Water Fest & Sky Lights» фестивалі шеңберінде қала тұрғындары мен қонақтары су үстіндегі шоу, флайборд, лазерлі және фонтан қойылымдарын тамашалады. Түркістан аспанын түрлі-түсті әуе шарлары, отшашулар мен лазерлер жарықтандырды.

Кештің жүргізушілері: Динара Сәтжан, Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин.

Сахна төрінде өнер көрсеткендер:

Мұқасан Шахзадаев

Калифарния

Ақсұңқар

DJ Macarello

«Таңба» этно тобы

«Самғау» би ансамблі

Түркістан музыкалық театрының бишілері


“TAIQAZAN” ГАСТРОФЕСТИВАЛІ МЕН ХАЛЫҚ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ КӨРМЕСІ

Фестиваль аясында дәстүрлі “Taiqazan” ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнершілер көрмесі, 10-ға жуық шеберлік сабағы мен ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылды. Цирк әртістері, аниматорлар мен бишілер қала тұрғындарына шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлады.


ТҮРКІСТАН СПОРТЫ – ЖАҢА ДЕҢГЕЙДЕ

Бүгінде өңір спортшылары 1 800-ден астам ұлттық медаль (оның ішінде 406 алтын), әлем және Азия чемпионаттарынан 184 медаль (58 алтын) жеңіп алған. Олимпиадаға 9 жолдама – Түркістан спортының қарқынын көрсетеді.

Сондай-ақ, Түркістанда қысқы спортты дамыту бағытында «Мұз сарайы» ашылып, 400-ден астам жасөспірім хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трекпен айналысуда.


ҰЛТТЫҚ СПОРТ – ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Қазіргі уақытта қалада атшабар кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл ұлттық спортты қайта жаңғыртып, Түркістанды ат спортының да орталығына айналдырады.


СПОРТ – БОЛАШАҚҚА ИНВЕСТИЦИЯ

Биыл Түркістан облысында 102 спорт нысаны пайдалануға берілсе, тағы 10 нысан 2026 жылы іске қосылады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 22 бейімделген спорт секциясы ашылып, инклюзивті ортаның дамуына басымдық берілуде.


ТҮРКІСТАН – ТЕК РУХАНИ ЕМЕС, СПОРТТЫҚ ОРТАЛЫҚҚА ДА АЙНАЛДЫ

Түркістанда ашылған «Ескек есу» арнасы – еліміздегі спорт инфрақұрылымының, жастар саясатының және өңірлік туризмнің симбиозы. Бұл – болашақ чемпиондар мекені ғана емес, ұлттық мақтанышқа айналар нысан.

Бөлісу