Басқосу барысында IT платформаларын жетілдіру жолдары сараланып, қатысушылар өз жобаларын таныстырып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Түркістан облысында білім беру саласындағы IT платформаларды жетілдіру жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің даму бағытын айқындай отырып, цифрландыру мен жасанды интеллектті басым бағыт ретінде атап көрсетті. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында білім беру саласындағы IT платформаларды жетілдіру жұмыстары жалғасады.
Осыған орай IT платформа жасақтаушылар мен Түркістан облысының білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен кездесу өтті. Басқосу барысында IT платформаларын жетілдіру жолдары сараланып, қатысушылар өз жобаларын таныстырып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесуді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, бүгінгі басқосу білім беру саласында қолданылып жүрген IT платформалардың тиімділігін талқылауға бағытталғанын атап өтті. Ол ұсынылған жобаларды ашық саралап, кем-кетік тұстарын бірге реттеуге ұсыныстар беру қажеттігін атап өтті.
– Әрбір платформа «қаржы табудың құралы» емес, ең алдымен баланың білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді жоба болуы тиіс. Цифрлық шешімдер мұғалімге де, оқушыға да оңтайлы, пайдалы, әрі түсінікті болуы керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ биылғы Жолдау – еліміздің білім беру жүйесіне үлкен жауапкершілік пен жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті.
– Түркістан облысы Білім басқармасы Президенттің бастамасын толық қолдай отырып, білім саласында цифрлық трансформацияны жеделдету, жасанды интеллект саласына бағытталған құзыреттерді ерте жастан қалыптастыру және педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында нақты шаралар қабылдап жатыр, – Бейсенбай Дәулетұлы.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов бүгінгі кездесудің маңызына тоқталып, білім беру саласындағы цифрлық жүйенің бүгінгі жағдайына тоқталды.
–Бүгінгі таңда еліміздің білім беру саласында біртектілік пен бірыңғай жүйе толық қалыптаспаған. Әртүрлі компаниялар әзірлеген 20-дан астам IT платформалар мектептерде қатар қолданылып келеді. Олардың функционалдық мүмкіндіктері әртүрлі, бірыңғай интеграция жоқ. Педагогтер мен оқушыларға қосымша жүктеме түсіреді. Бір мектепте бірнеше платформаны қатар пайдалану мұғалімнің уақытын алса, екінші жағынан деректерді үйлестіру мен талдауды қиындатады. Бұл жағдай жүйесіздікке, ресурстардың тиімсіз жұмсалуына және білім беру сапасына кері әсер етуі мүмкін. Осы себепті цифрлық трансформацияны тиімді жүзеге асыру үшін IT платформаларға қойылатын талаптар жүйелі әрі нақты болуы қажет, – деді ол.
Айта кетсек, бүгінгі таңда облыста информатика, робототехника және STEM бағытындағы кабинеттерді жабдықтау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Цифрлық білім беру платформаларына көшу, оқу процесін автоматтандыру және оқушы жетістігін цифрлық форматта бақылау қолға алынған. Жасанды интеллект пен IT негіздерін меңгеруге бағытталған пилоттық жобалар дайындалып жатыр. Мұғалімдерді заманауи технологиялармен жұмыс істеуге даярлау курстары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Президенттің Жолдауында айтылған стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру арқылы Түркістан өңірі еліміздің цифрлық болашағына өз үлесін қосуға дайын.