Айына бір рет 2 академиялық сағат көлемінде теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылады.
Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығында балаларға арналған инклюзивті оқу кабинеті ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында «Жаншуақ» жобасы аясында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған инклюзивті оқу кабинеті пайдалануға берілді. Бұл – республика көлемінде музей-қорық жанынан ашылып отырған алғашқы инклюзивті кабинет ретінде маңызды әлеуметтік әрі мәдени бастама.
Аталған жоба музей-қорықтың көп жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан тарихи-танымдық және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруде. Бүгінгі таңда музей-қорық қала мектептерінің оқушыларына арналған түрлі үйірмелер мен сабақтарды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Ал «Жаншуақ» жобасы осы игі істердің аясын кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың ұлттық тарихи-мәдени мұрамен жақын танысуына, рухани дамуына жол ашады.
Инклюзивті оқу кабинеті ашылу салтанатына музей-қорық қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Іс-шара барысында музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев пен қалалық білім бөлімінің инклюзивті білім беру әдіскері Мөлдір Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Құрметті қонақтар жаңа оқу кабинетінің лентасын қиып, білім мен шығармашылыққа арналған кеңістікті ресми түрде ашып берді.
Жобаның басты мақсаты – мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыра отырып, олардың қоғаммен байланысын нығайту, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау.
«Жаншуақ» жобасына қала мектептерінің 3–8 сынып оқушылары ата-анасының келісімімен қатыса алады. Сабақтар жоба жетекшісі мен музей-қорықтың арнайы мамандарының қатысуымен, алдын ала бекітілген тақырыптық жоспар негізінде жүйелі түрде өтеді. Айына бір рет 2 академиялық сағат көлемінде теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылады.


