330 бірлік техника мен 1 155 жұмысшы жұмылдырылмақ.
Түркістан облысында қысқы мезгілдегі автомобиль жолдарының қауіпсіздігі қатаң бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы брифингте Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Серікбайұлы мәлімдеді.
«Түркістан облысында қысқы мезгілде автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы ретте, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін қардан тазалауға 330 бірлік техника мен 1 155 жұмысшы жұмылдырылмақ. Сондай-ақ, көктайғақтың алдын алуға инертті материалдардан 10 151 текше метр құм және 2 278 тонна тұз қоры бар. Одан бөлек, ауа-райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға автомобиль жолдарының бойында 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел, Одаманбұлақ және Созақ ауданындағы Ащысай, Таскөмірсай жылыту бекеттері. Жылыту бекеттері бір мезгілде 40 адамды қабылдай алады. Бекеттер төсек орын және азық түлікпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, қардың қалың жаууына байланысты автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда құтқару жұмыстары қарастырылған»,- деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының директорының орынбасары Қуатбек Мырзабекұлының сөзінше, биыл орташа және күрделі жөндеу бойынша 12 жоба іске асырылуда.
«Биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2,331 млрд теңге бөлінді. Күтіп-ұстау жұмыстары аясында жолдарды жөндеу, жол белгілерін орнату, доңғалақ қағарларды қалпына келтіру, жолдың жүріс бөлігін таңбалау, жол бетіндегі бояуларды жаңарту, катафот және шу жолақтарын орнату, шақырымдық белгі қою жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар, автомобиль жолдарының бойында орналасқан аялдамалар мен демалыс алаңшаларды, санитарлық орындарды, жол бойындағы нысандарды сырлау және жаңарту жұмыстары атқарылуда. Одан бөлек, өртке қарсы минералды жолақ жырту, жол жиегін жөндеу, жаяу жүргіншілер жолағын таңбалау сынды жұмыстар жүргізілуде», - деді спикер.


