ТҮРКІСТАН: Ащысай ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

0
73

«Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында ашылған бұл бекет 2000-нан астам тұрғынды өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етеді.


ТҮРКІСТАН: Ащысай ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында ауылдық елді мекендерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайтуға бағытталған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді.


Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Чайзада, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.


Шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары ауыл тұрғындарын маңызды нысанның ашылуымен құттықтап, өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


–Бүгін ауыл жұртшылығы үшін тарихи әрі қуанышты күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен төтенше жағдайлар саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ащысай ауылында ашылған өрт сөндіру бекеті, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.


Сондай-ақ облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Темірболатұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа бекеттің ауыл үшін маңызын атап өтті. Ал ауыл ақсақалы Айсауыт Жұмағалиев ел игілігі үшін атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.


Іс-шара барысында қонақтар өрт сөндіру бекетінің материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ жаңа нысанның ауласына ағаш көшеттерін отырғызды. Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған, оның ішінде 1 дана жаңа өрт сөндіру көлігі, қызметкерлерге арналған жатын және асхана бөлмелері бар.


Айта кетейік, «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында ашылған бұл бекет 2000-нан астам тұрғынды өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етеді.

Бөлісу