ТҮРКІСТАН: Арыстық жастар мұқтаж жанұяға баспана сыйлады

0
64

Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңге бөлініп, әрбірі өз міндетін жауапкершілікпен атқарды.


ТҮРКІСТАН: Арыстық жастар мұқтаж жанұяға баспана сыйлады

Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында Тәуелсіздік күні қарсаңында игі іс жүзеге асты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ауыл жастарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде асарлату дәстүрімен салынған жаңа баспана Досыбаевтар әулетіне табысталды.


Баспана табыстау рәсіміне ауыл тұрғындары қатысып, жаңа қоныс иелеріне ақ тілектерін арнады. Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері жастардың басын қосып, қайырымды іске бастамашы болып жүрген белсенді азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Еңбегі еленген азаматтарға құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды.


Барлық тұрмыстық жағдайы жасалған баспана 1981-2002 жылдары туған Ақдала ауылы жастарының ортақ күшімен бой көтерді. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңге бөлініп, әрбірі өз міндетін жауапкершілікпен атқарды. Ал жер телімін ауыл азаматы өзіне тиесілі телімді қайырымдылық мақсатта тегін сыйға берген.


Айта кетейік, Ақдала жастары бұған дейін де дәл осындай асар дәстүрімен бір мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз еткен болатын. Алдағы уақытта Ақдала ауылының жастары қайырымдылық пен өзара қолдауға негізделген бұл игі бастаманы жалғастырып, мұқтаж отбасылар үшін тағы бір жаңа баспана салуды жоспарлап отыр.

Бөлісу