ТҮРКІСТАН: ӘМАТ бағасын тұрақтандыру шаралары күшейтіледі

0
50

Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 2 орында.


ТҮРКІСТАН: ӘМАТ бағасын тұрақтандыру шаралары күшейтіледі

Түркістан облысында ӘМАТ бағасын тұрақтандыру шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі тұрақты деңгейде сақталып, 2025 жылдың қортындысымен 107,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 2 орында.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша жиын өтті. Жиында өңірдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тікелей байланыс орнату, жәрмеңкелер ұйымдастыру, сондай-ақ әлеуметтік дүкендердің жұмысын тиімді жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланды.


Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жауаптыларға азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.


– Халықтың негізгі тұтынатын азық-түлік тауарларына бағаны бақылауда ұстау – біздің басты назарымызда. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қорын жеткілікті деңгейде сақтау, бағаны тұрақтандыру мақсатында арнайы сауда нүктелерінің санын көбейту және тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткізудің жолдарын кеңейту керек. Тиісті шаралар қабылдаңыздар, – деген Қанат Қайыпбек мониторинг жұмыстарын күшейтуді тапсырды.


Жиында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов баяндады. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда басқарма тарапынан «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Азық-түлікті тұрақтандыру қоры департаментімен бірлесе тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тұрақтандыру қорында 22 мың тонна өнім бар. Қажеттілігіне қарай қордағы тауарларды нарыққа шығарып, бағаны тұрақтандыру шаралары дер кезінде қабылдануда. Сонымен қатар қыс мезгіліндегі маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдеріне бағаны тежеу үшін 12 340 тоннаға форвардтық келісімдер жасалып, желтоқсан айынан бастап нарыққа шығарылуда.


Осы жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саны 19-дан 31-ге ұлғайтылды. Өңір тұрғындарын арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жәрмеңкелер өткізілуде. Жыл басынан 491 жәрмеңке өткізіліп, 10 мың тоннадан астам өнім төмен бағада ұсынылды.


Сонымен қатар облыста 40 заманауи әлеуметтік дүкен қызмет көрсетуде. Бұл дүкендерде әлеуметтік азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан 30-40% төмен саудалануда. Одан бөлек, арзандатылған әлеуметтік азық-түлік тауарлары 50-ден аса ірі сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштарда сатылып жатыр.


Бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында 20 жұмыс тобы тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Соңғы 2 айдың ішінде әлеуметтік азық-түлік бағасын негізсіз өсіргені үшін сауда орындарына қатысты 74 әкімшілік шара қолданылып, 481 030 теңге айыппұл салынды. Бағаларды қадағалау және тұрақтандыру жұмыстары жалғасады.

Бөлісу