Өңір басшысы зерделеу мен талдау әлі де түпкілікті оң нәтиже бермей отырғанын айтып, жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен агроөнеркәсіп кешеніндегі (АӨК) өзекті мәселелерді зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша мәжіліс өтті. Өңір басшысы зерделеу мен талдау әлі де түпкілікті оң нәтиже бермей отырғанын айтып, жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
– Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасына, статистикалық көрсеткіштерге және нақты мал бастарын салыстыру барысында кейбір аудан, қалаларда сәйкессіздіктер көп. Статистика мекемелеріне ұсынылатын ақпаратты қатаң бақылауға алыңыздар. Облыста мал басын бірдейлендіру жұмыстарының жаңа қадамдық іс-шара жоспарын бекітіп, сол жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырамын. Мал басы тіркелмеген жайылым жерлерді қайтару бағытындағы жұмыстарды облыс көлемінде жандандырып, орындалуы туралы ай сайын мәлімет берулеріңіз керек. 2024-2025 жылдары субсидия берілген шаруа қожалықтарына қолданыстағы заң аясында зерделеу жұмыстарын тездетіп жүргізіп, мәлімет ұсыныңыздар. Мемлекеттік қолдау мен субсидияны алып, жұмысын жүргізбей, салығын төлемей отырған шаруа қожалықтарына қатысты заң шеңберінде шара қабылдаған жөн, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков 2024-2025 жылдары жүргізілген агроөнеркәсіп кешенін зерделеу жұмыстарының нәтижесін баяндады. Зерделеу төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарларының нақты санын сәйкестендіру, жайылым жердің мақсатына сай пайдаланылуын анықтау, субсидия алған шаруашылықтардың салық төлемдерін төлеу жағдайы және мемлекет тарапынан мал шаруашылығына берілген субсидияларды зерделеу қамтылды.
Биылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректер мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорын салыстыру нәтижесінде облыс бойынша бірқатар ауытқулар анықталды. Жалпы көрсеткіш бойынша мүйізді ірі қарада – 8%, ұсақ малда – 6%, жылқыда – 6% айырмашылық байқалса, түйе бойынша ауытқушылық тіркелмеген. Ал жекелеген аудан-қалаларда сәйкессіздіктер айтарлықтай жоғары екені анықталды.
Облыс бойынша құрылған жұмысшы топ 2 271 жер пайдаланушыға тиесілі 335,8 мың гектар жайылым жерде мал басының тіркелмегенін анықтады. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп нақтылау жұмыстары жүргізіліп, 187,3 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілді және қайтару кестесі әзірленді.
Облыс әкімі тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы аудан, қала әкімдіктері тарапынан жерді мақсатына сай пайдаланылуын зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 542 жер пайдаланушының 302,4 мың гектар жер учаскесін мақсатына сай пайдаланбағаны анықталып, тиісті хабарламалар жолданды.
2024-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 293,3 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 2024 жылы – 68,2 мың гектар, 2025 жылы – 225,1 мың гектар. Қайтарылған жайылымдардың елді мекендерге жақын орналасқан 161,9 мың гектарын қоғамдық жайылым ретінде ауылдық округ әкімдіктеріне бекіту жоспарлануда.
Субсидия мәселесіне де ерекше назар аударылды. 2024 жылы 10310 тұлға субсидия алып, оның ішінде 2476 тұлғаның салық төлемдерін төлемегені белгілі болды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 1870 тұлға 58,5 млн теңге салық төледі.
Өңірде мал басын түгендеу, дерекқор мен статистикалық есепті сәйкестендіру, тіркелмеген жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару, сондай-ақ субсидия мен салықтық түсімдерді жүйелі зерделеу жұмыстары жалғасады.


