ТҮРКІСАН: Жетісайда мақта зауыттарының басшыларымен кездесу өтті

0
90

Диқандардың уәжін жеткізген әкім зауыт басшыларына бірқатар талаптар қойды.


ТҮРКІСАН: Жетісайда мақта зауыттарының басшыларымен кездесу өтті

Жетісай ауданында мақта өңдеу зауыттары мен ірі шаруа қожалық төрағаларымен кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданында мақта дақылын өндіруші шаруаларының мәселелерін оңтайлы шешу мақсатында өңірдің мақта өңдеу зауыттары мен ірі шаруа қожалық төрағаларымен кездесу өтті. Кездесу барысында мақта шарушылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, аудан басшысы тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілді. Диқандардың уәжін жеткізген Серік Үсенұлы зауыт басшыларына бірқатар талаптар қойды.


– Маңызды мәселелерді талқылап, ортақ мәмілеге келу үшін арнайы кездесіп отырмыз. Ауылдық округтерде өткен кездесулерде шаруалардың айтатын бірінші мәселесі – ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің, соның ішінде мақтаның бағасы. Шаруалардың ерте көктемнен қара күзге дейінгі еңбегі зая кетпесін. Мүмкіндігінше дұрыс баға шығарыңыздар. Шаруаларға өткізген мақталарының ақшасын уақытылы төлеп, созбалаңға салушы болмаңыздар, – деген аудан басшысы мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол берілмеу керектігін ескертті.


Бүгінде аудан аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыттары мен 77 мақта қабылдау бекеттерінің 53-і аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі болса, қалған 24-і Мақтарал ауданы аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі.


Мақта өңдеу зауыттары өкілдерінің айтуынша, әр компания тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (трейдерлермен) жұмыс істейді. Ал, трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады. Жиынға келген мақта зауыт басшылары бағаның сұраныс пен сапаға байланысты екенін мәлімдеді.


Аудан әкімі кездесу барысында зауыт басшыларына мақтаны тазалаумен қатар, қайта өңдеумен айналысуды ұсынды. Өйткені, 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыратын ауданның 43,1 мың гектар жеріне мақта шиті егіледі.


Айта кетейік, мақталық алқаптарға дефолиациялау жұмыстары жүргізіліп, күзгі жиын-терім науқанына 715 дана трактор, 897 дана трактор тіркемелері, 61 дана дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 дана мақта терім комбаиндары дайын. 1933,8 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, алдын ала болжам бойынша гектарынан 27 центнерден өнім алынады деп жоспарланып отыр.

Бөлісу