ОТЫРАР АУДАНЫНА – 90 ЖЫЛ: Ғылыми - танымдық конференция өтті

0
135

Конференцияға отырарлық ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Серік Сейітман модераторлық етті.


ОТЫРАР АУДАНЫНА – 90 ЖЫЛ: Ғылыми - танымдық конференция өтті

Отырар ауданының 90 жылдық меретойына орай ғылыми - танымдық конференция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында «Ұлы даланың жүрегі - Отырар: тарих, мәдениет, және дәуір» атты ғылыми - танымдық конференция өтті. Аудандық мәдениет сарайындағы тағлымды іс-шараға келушілер алдымен отырарлық белгілі қылқалам шебері Әділхан Мәліктің шығармашылығына негізделген «Көне де жаңа Отырар – қазақ тарихының тұмары» сурет көрмесін тамашалады. Конференцияға отырарлық ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Серік Сейітман модераторлық етті.


Конференция барысында «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Абай Балажан «Баспасөз – халықтың рухани азығы» тақырыбында баяндама жасап, ауданның құрылу тарихымен қатар жасап келе жатқан «Отырар алқабы» газетінің өткені мен бүгінгі жайына тоқталды. Өлкетанушы, Отырар ауданының құрметті азаматы Бекжан Бейсенбай 30-дан астам ғұлама ғалымдар шыққан киелі өлкенің рухани орталығы болған «Отырар кітапханасы» туралы ғылыми жаңалықтарымен бөлісті.


Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, Отырар ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Әлімжан Құртаев, этнограф-ғалым, мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашов тасын түртсең тарихы сөйлейтін киелі Отырардың әр кезеңдердегі даму тарихына тоқталып, мерейтойлық лебіздерін білдірді.


Іс-шара қонақтары тарихтың сан қатпарлы беттерінде алтын әріппен жазылған өлкенің 90 жылдық шежіресін түгендеп, өнегелі жолын келер ұрпаққа жеткізу мақсатында жарық көрген естелік кітаптің тұсаукесер рәсіміне қатысты.


Конференцияны Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы қорытындылап, қатысушыларға алғыс айтты.

Бөлісу