Биыл Түркістан облысында 350-ге жуық жоба іске асырылып жатыр

0
87

Жалпы құны 31,3 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларды іске қосу арқылы 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.


Биыл Түркістан облысында 350-ге жуық жоба іске асырылып жатыр

Түркістан облысында биыл әкімдіктің сүйемелдеуімен 350-ге жуық жоба іске асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында нақты шаралар атқарылуда. Құны 5 миллионнан 500 миллион теңгеге дейінгі жобаларды сүйемелдеу жұмыстары қарқын алып, кәсіпкерлік саласының дамуына оң ықпал етуде. 2025 жылдың басында сүйемелдеуге алынған 343 жобаның 205-і бүгінде іске қосылды. Жалпы құны 31,3 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларды іске қосу арқылы 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған жобаларды жыл соңына дейін толық іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.


Мәжіліс барысында жобалардың орындалу барысы сараланып, облыс басшысы жауапты тұлғаларға жергілікті кәсіпкерлерді қолдау шараларын жандандыруды, арнайы алаңдардың құрылысын жеделдетуді тапсырды.


– Өндірістік ғимараттар салу шағын және орта бизнестің өнеркәсіп бағытында дамуына серпін беретін маңызды бастама. Сондықтан, өндірістік ғимараттардың құрылыс жұмыстарын жеделдетіңіздер. Жергілікті кәсіпкерлерді тарту арқылы жаңа өндірістік жобаларды орналастыру жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Іс бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіңіздер. Жобалардың жыл соңына дейін іске қосылуын толық қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді облыс басшысы.


Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің мәлімдеуінше, шағын және орта кәсіпкерлік саласында негізгі индикаторлық көрсеткіштер бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 7 айдың қорытындысымен оң өсімге қол жеткізілді. Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша негізгі 4 бағыт арқылы жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлік саласында бизнес жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, индустриялды аймақтарды дамыту, өндірістік парктерді дамыту бағытында жұмыстар қарқын алды.


Сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде, биыл облыста 205 жоба іске қосылды. Нақтырақ айтқанда, Шардара ауданында 500,0 млн. теңгеге «Наурызбай» шаруа қожалығының күріш өнімдерін өңдеу жобасы, Жетісай ауданында 500,0 млн. теңгеге «Kasym ASES» ЖШС-ның мия тамырын қайта өңдеу зауыты, Жетісайда «Торегелды» медициналық мақта өндірісі, Қазығұрт ауданында «Түркістан Агросервис» ЖШС-ның сүтті қайта өңдеу зауыты, Ордабасыда «Steel Frame» ЖШС-ның металл өндірісі, Ордабасыда «Түркістан Агросервис» ЖШС-ның сұйық мақта майын өндіру жобасы, Арыста «ЮГ транс сервис» ЖШС-ның вагондардың арнайы құрамдарын жөндеу кәсіпорны, Бәйдібекте жеке кәсіпкердің қымыз және сүт өнімдері цехы және басқа да кәсіпорындар өз жұмысын бастады.


Алдағы уақытта мақта тұқымын өңдеу зауыттары, түйіршіктелген жоңышқа өндірісі, ойын алаңын жинау зауыты, ауыл шаруашылығы техникаларына агрегаттар шығаратын кәсіпорындар, пластикалық құбырлар өндірісі, полистер және бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын, балық шаруашылығы, микробиологиялық тыңайтқыштар өндірісі, сүт өнімдерін өңдеу цехі, кондитерлік цехті іске қосу жоспарлануда.


Облыста шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында биыл 181 жобаға жалпы 22,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, осы жылдың шілде айында кәсіпкерлер үшін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Бүгінде бағдарлама арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмыстары басталған.


Шағын және орта бизнесті дамыту жолында облыс көлемінде 20 индустриялды аймақ құрылған. Сонымен қатар шағын өндірістік парктер қызмет атқарады. Бүгінгі таңда Сауран ауданында жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 148 өндірістік ғимарат құруда. Облыс әкімі Сауран ауданы тәжірбиесін пайдалана отырып, барлық аудан және қала аумағында кемінде 5 өндірістік ғимарат құруды тапсырған болатын. Қазіргі таңда Шардара ауданы мен Түркістан қаласында нақты өндірістік парктердің құрылыс жұмыстары басталды. Қалған әкімдіктер тарапынан жер телімдерін бөлу және әлеуетті кәсіпкерлермен келіссөз жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, облыс аумағында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 214 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада 3 орында
Бөлісу