​Агросекторға тың технологияларды енгізу – уақыт талабы

0
95

Расында ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру – агроөнеркәсіп кешенін тиімді басқарудың, өнімділікті арттырудың және ресурстарды үнемдеудің заманауи тәсілі.


​Агросекторға тың технологияларды енгізу – уақыт талабы

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті рет Қазақстан халқына Жолдау жасады. Президент өз сөзінде Жасанды интеллектіні қолдану арқылы ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек екендігін айтты. Бірақ бұл өзгеріс еліміздің экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуі керек.


— Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауылшаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек. 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ, әкімдіктер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл — анық нәрсе. Сондықтан әкімдіктер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондай-ақ, Президент жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет екендігін, ол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керектігін де жеткізді. Нақтырақ айтсақ, ендігі кезекте жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта және электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Ал, ел Үкіметі жыл соңына дейін заңнамаға енгізілетін тиісті өзгертулерді ұсынуы қажет.


Жалпы, Президент ауыл шаруашылығы саласында сандық технологияларды кеңінен қолдану өте маңызды екендігін айтты. Сәйкесінше, қазірдің өзінде космомониторинг және геоталдау жүйесі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оның бәрін қайтаруға септігін тигізіп жатыр екен.


— Жұмысты жалғастыру қажет. Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек. Соның негізінде жердің сапасына, егіннің шығымына, дәнді-дақылдардың жай-күйіне және қай жерге қандай дақыл егілгеніне терең талдау жасалуға тиіс. Бұл — орман шаруашылығына да қатысты мәселе. Солтүстік Қазақстан облысында 9 мың гектар орманның иесіз жатқаны анықталды. Бұдан бөлек, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу керек. Оған кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты кіріктіру қажет, — деді Мемлекет басшысы.


Расында ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру – агроөнеркәсіп кешенін тиімді басқарудың, өнімділікті арттырудың және ресурстарды үнемдеудің заманауи тәсілі. Себебі, бұл үрдіс жер ресурстарын нақты есепке алу, жерді тиімді пайдалану, су ресурстарын үнемдеу, шаруалардың еңбегін жеңілдету, мемлекеттік бақылауды күшейту және инвестор тарту сынды бағыттарға серпін береді. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру мен заңнаманы жетілдіру – ашықтық, әділеттілік, тиімділік пен инновация негізінде ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін бірден-бір жол. Ол ауыл халқының табысын арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін де нығайтады.


Жомарт Әбдібаев,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Бөлісу