Көп уақыт, күш немесе қаржы жұмсамай-ақ өзіңізге күн сайын көрсететін қамқорлық – микро-күтім деп аталады.
Өзіңе өзің қамқорлық жасаудың маңызы өте зор. Бұл – денсаулыққа, психикалық, эмоционалдық және рухани күйге оң әсер ететін маңызды өмірлік дағды.
Өзіне қамқор болу – өзіңді естіп, сезімдеріңді қабылдап, шаршағаныңды, көңіл-күйіңнің түскенін, күйзелісті елемей жүре бермей, оларға уақытылы назар аудару. Бұл адамды күйзеліс пен шамадан тыс мазасыздықтан қорғайды.
Таза сана, жақсы көңіл-күй, сергектік – бұның бәрі еңбекке, шығармашылыққа, дамуға септігін тигізеді. Өз-өзіне қамқор болу – табысқа апарар жолдың бастамасы.
Өзіңе қамқорлық жасау – эгоизм емес. Бұл – өзін тұлға ретінде қабылдау мен бағалаудың, өмір сапасын жақсартудың маңызды бөлігі. Өз-өзіне қамқор болуды үйренген адам өмірдің түрлі сынақтарына қарсы тұра алады.
Көп уақыт, күш немесе қаржы жұмсамай-ақ өзіңізге күн сайын көрсететін қамқорлық – микро-күтім деп аталады. Мұндай қарапайым әрі қолжетімді әрекеттер адамның психикалық, эмоционалдық және физикалық саулығына үлкен үлес қосады.
1. Таңертең жылы сөзбен ояну
Айнаға қарап: «Мен бүгінгі күніме ризамын», «Мен өзімді қабылдаймын» деу. Ішкі диалог арқылы өзіңе жылы лебіз білдіру және өзіңді қолдау.
2. Бір минут тыныштық
Телефонсыз, адамдарсыз, жай ғана көзді жұмып, бір терең тыныс алу. Бұл жүйкені тыныштандырып, өзіңізге қайта оралуға көмектеседі.
3. Күнделік жазу
Бүгінгі көңіл-күйіңізді, тілегіңізді немесе риза болған нәрсені жазу. Болмағанда бір сөйлем болса да жазудың өзі – өзіңе үлкен қамқорлық.
4. «Жоқ» деп айтуға рұқсат беру
Өзіңізге ауыр, уақыт, энергия, т.б. ресурсыңызды ұрлайтын, өтемі жоқ, қажет емес нәрселерге сыпайы түрде «жоқ» деп үйреніңіз. Бұл да өзіңе жасалған үлкен жақсылықтың бірі.
5. Бір стақан жылы су
Таңертеңгі алғашқы әрекет – денені ояту, ішкі ағзаларды іске қосу болуға тиіс. Бұл үшін күнді бір стакан жылы сумен бастау – ең дұрыс шешім.
6. Бес минут керіліп-созылу
Ұйқыдан кейін немесе ұзақ отырып қалған соң жеңіл физикалық қимылдар жасаңыз.
7. Таза ауа жұту
Терезені ашып, 2-3 минут таза ауа жұту. Балконға шығу.
8. Қысқа серуен (үй ішінде де болады)
Бес минут бөлмеде жай жүру немесе далаға аз уақытқа шығу қан айналымды жақсартады.
9. Жағымды иіс иіскеу
Жағымды иістер жүйкені тыныштандырады. Сондықтан оны иіскеу де өзіңе қамқорлық жасаудың бір үлгісі. Бұл үшін өзіңізге ұнайтын эфир майы, хош иісті шай, кофе, жеміс, т.б. кез келгенін таңдай аласыз.
10. Қолды жылы сумен жуу
Қолды кірлегендіктен емес, жай ғана жағымды, жылы сумен баяу, саналы түрде жуу – күтім мен тыныштықтың бір үлгісі.
11. Ұнайтын әуенді қосып қою
Ән тыңдау — миға демалыс. Таңертең немесе тамақ жасап жүріп-ақ тыңдауға болады.
12. Экрансыз уақыт
Күніне кем дегенде 10 минут телефонды өшіріп, жай ғана өзіңмен-өзің отыру, айналаға қарау, адамдардың көзге қарап сөйлесу, терезеден қарау, ойлану – бұл да қамқорлық.
Күтім – тек массаж жасату, спаға бару немесе бояну, күтім құралдарын қолдану емес. Нағыз күтім – өзіңді елемеу, тыңдамауды доғарып, ішкі қалауыңды қанағаттандыратын кішкентай қадамдар.
Аударған: А. Мейірханқызы,