Қазір оқушылар күзгі демалыста.
аlmaty.fizmat.kz
ERNUR.KZ. Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары екінші тоқсанды үйден бастайды. Балалар жаппай уланғаннан кейін мектепте тексеру және дезинфекция жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады ulysmedia.kz.
Қазір оқушылар күзгі демалыста. РФММ әкімшілігі балалардың улануынан кейін анықталған барлық заңбұзушылықты әуелі реттеу қажет екенін түсіндірді.
– Екінші тоқсанда сабақ уақытша қашықтан оқыту форматында өтеді. Дәстүрлі оқу форматына оралу мәселесі барлық қажетті санитариялық-профилактикалық шаралар толық аяқталып, санитариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілгеннен кейін қаралады, – деп хабарлады РФММ баспасөз қызметі.
Мектепте дезинфекция жұмыстары жалғасып жатыр. Санитариялық дәрігерлер тергеуді әлі аяқтаған жоқ. Сондықтан оқушылардың сыныпқа нақты қай күні оралатыны әзірше белгісіз.
Уланудан кейін не анықталды?
Еске салайық, алғашқы оқушылар 12 қазанда ауруханаға түсті. Барлығы 58 бала ауруханаға жатқызылды, тағы екеуі үйінде емделді. 22 қазанға қарай барлық бала ауруханадан шығарылды.
Жаппай уланудан кейін санитариялық дәрігерлер мектеп асханасын тексерді. Оған MasterFood компаниясы қызмет көрсетеді. Төрт қызметкерден алтын түсті стафилококк анықталды. Дайын тағамдар мен ыдыстардан ішек таяқшасы табылды.
Тексеру барысында азық-түлікті сақтау және дезинфекциялау талаптарының бұзылғаны да белгілі болды.
Ауырған оқушылардың көбі асханада ұсынылған тауық етінен жасалған рулет пен қазақша еттен (бешбармақ) кейін денсаулығы нашарлағанын айтқан.


