​Балаға заттар мен ақшаны бағалауды қалай үйретуге болады

0
1 676

Кейбір балалар шектен тыс бұзықтығы асып, заттарды бүлдіріп, қиратуға ұста болады. Ондай кезде не істеу керек?


​Балаға заттар мен ақшаны бағалауды қалай үйретуге болады

Баланың заттарды қиратпай, бірнәрсені бүлдірмей өсуі сирек кездесетін жағдай. Бала кезде қызық үшін ілініп тұрған пердені қырқып, ішінде не бар екен деп талай жаңа ойыншықты сындырып зерттеп көрмеген бала жоқ шығар. Алайда кейбір балалар шектен тыс бұзықтығы асып, заттарды бүлдіріп, қиратуға ұста болады. Ондай кезде не істеу керек?


Бала заттарды лақтырады, тебеді, сындырады, бүлдіреді

Мұндай жағдайда не істеу керек екенін шешпес бұрын, алдымен бала өзін неге бұлай ұстайды деген сұраққа жауап іздеп көріңіз. Мұның түрлі себебі болуы мүмкін және әр жағдайға қарай әрекет етуіңізде де айырмашылық.


Негізгі бірнеше себептер:

Эмоциясын шығару жолы

Кейбір балалар өз эмоциясын осылай көрсетеді. Әсіресе сөзбен айтып жеткізу қиын болған кезде. Мұндай әрекет ашудың, көңілі қалудың, күйзеліс, қорқыныш көрінісі болуы мүмкін.


Әлемді зерттеу

Кішкентайлар үшін кез келген зат қоршаған ортаны танып білудің негізгі құралы. Сондықтан олар затты сындырып, талқандап көріп ішінде не бар екенін немесе қалай әсер ететінін білгісі келіп қызық көреді.


Эмоцияны ұстай алмау

Бала кішкентай болған сайын эмоциясын ұстауы қиын болады. Сондықтан боларк көшеде, дүкендерде айтқаны болмай қалып, жерге аунап немесе бақырып жылап жатқан кішкентай балаларды жиі көріп қалып жатамыз.


Айналасындағылардың назары, көңілі

Мүмкін, бала қолындағысын үлкендердің назарын өзіне аудару үшін сындырып, бүлдіретін шығар. Егер осындай әрекеттен кейін бала өз дегенін орындата алса, онда оның бұл әрекеті үлкейе түседі және қайталануы бек мүмкін.


Ұрыссаңыз, «жаңасын ала саламыз» дейді. Қандай әрекет жасауға болады?

Егер балаңыз осылай дейтін болса ашуға булығатыныңыз сөзсіз. Себебі жаңасын алу үшін қаражат шығарып, шығандалу керек. Алайда, балада ересектерде бар тәжірибе жоқ екенін ескеріңіз. Бала заттардың құндылығын сезіне бермейді. Оны алу үшін қаражат керек екенін білгенімен ақшаны табу үшін қаншама жұмыс істеп, тер төгіліп жатқанын білмейді.


Мамандар мұндай жағдайда мынадай тәсілдерді ұсынады:

Әрекетінің себебін анықтап алу

Ұрыспас бұрын алдымен баланың әрекетінің мәнін түсінуге тырысқан дұрыс.


Эмоциясын басқаруға үйрету

Балаға эмоциясын басқара білуді үйретіңіз. Оның ішінде қандай жағдай болып жатқанын сұраңыз.


Ереже орнатыңыз

Заттарға қатысты нақты ереже орнатыңыз және мұның қаншалықты маңызды екенін түсіндіріңіз.


Алмастыратын нәрсе табыңыз

Балаға эмоциясын, энергиясын шығаруға қауіпсіз нәрселер ұсыныңыз: арнайы ойыншық немесе хобби.


Мақтап, мадақтап отырыңыз

Заттарды ұқыпты ұстаған кездерін байқасаңыз, мақтап қойыңыз.

Сондай-ақ, балаға қандай да бір шамасы келетіндей міндет жүктеп қойыңыз немесе өз жұмысыңызды бір көрсетіп, ақшаның қандай еңбекпен келіп жатқанын көрсетіп қойыңыз.


3-4 жасар балаға ақша мен заттардың құндылығын қалай таныстыруға болады?

Ойын тәсілдері

Мектеп жасына дейінгі балаларға ойын тәсілі тиімдірек өтеді. Мысалы «дүкен» ойыны үйретудің ең керемет тәсілдерінің бірі. Бала сатушының немесе сатып алушының рөлінде болса да, бұл оған зат алу үшін оған ақша керек екенін ұғындырады.


Заттардың құндылығы туралы айтыңыз

Зат сатып алғанда мүмкіндік болса баланы бірге алып жүрген дұрыс және заттардың құндылығы туралы, оны не үшін алып жатқаныңызды айтып түсіндіруден шаршамаңыз.


Күнделікті өмірді үлгі етіңіз

Балаға кішігірім міндеттер жүктеп қойыңыз. Мәселен, дүкен жақын жерде болса теңгесін беріп күнделікті нан әкелуге жұмсап отыруға болады немесе зат таңдағанда көмектескені жөн.


Дайындаған: Э.Базарбаева

ERNUR.KZ.