​2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан туын кімдер ұстап шығатыны анықталды

0
66

Бұл салтанатты шара 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласындағы Сан-Сиро стадионында өткізіледі.


​2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан туын кімдер ұстап шығатыны анықталды

Фото: Kazinform

ERNUR.KZ. Италияның Милан қаласында өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын кімдер ұстап шығатыны белгілі болды, деп жазады inform.kz.

Бұл салтанатты шара 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласындағы Сан-Сиро стадионында өткізіледі.

Еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев ҚР Туризм және спорт министрлігінің қоғамдық кеңесі отырысында төртжылдықтың басты спорт шарасының ашылу салтанатында кімдерге ту ұстау міндеті сеніп тапсырылғанын атап өтті.
- Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-тректен ҚР халықаралық деңгейдегі еңбек сіңірген спорт шебері Денис Никиша, шорт-тректен халықаралық деңгейдегі спорт шебері Яна Хан ұстап шығады, - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары.
Айта кетсек, 30 жастағы Денис Никиша - шорт-тректен әлем чемпионатының 500 метр қашықтықтағы екі дүркін күміс жүлдегері (2024, 2025).
Ал 25 жастағы Яна Хан - 2025 жылы эстафетадан қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
Сондай-ақ Нұрлан Есембаев 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан атынан 35 спортшы қатысуы жоспарланып отырғанын жеткізді. Олардың басым бөлігі Астана, Алматы қалалары, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан болып отыр. Атап айтқанда, аймақтар бойынша Ақмола облысынан - 9, Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысынан - 8, Алматы қаласы -7, Қостанай облысы - 5, Шымкент қаласы - 4, Павлодар облысы - 3, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан -1 спортшыға сенім артылады.
- Қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы бөлінген қаржының жалпы көлемі - 13,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде федерациялар есебінен - 585,0 млн теңге, республикалық бюджеттен - 5,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен - 6,2 млрд теңге, оған қоса туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 812,5 млн теңге қаралды, - деді Нұрлан Есембаев.