Мұндай бағдарламалар қорқыныш арқылы мәселенің шешімін табуға көмектеседі.
Шымкент қаласының прокуратурасы, Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионда «Балалар мен жол: қауіпсіздік аймағы» атты ауқымды оқу іс-шарасы өтті.
«Жапон әдісі» негізінде өткен жиында 600 оқушыға автокөліктер мен манекендердің көмегімен жол-көлік оқиғаларының себептері мен салдары, жиі жіберілетін қателіктер және жол үстіндегі дұрыс іс-қимыл алгоритмі көрсетілді. Жиын оқушылар арасында жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол апаттарының санын азайту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
– Жапондықтар балаларға жолда жүру ережесін әдістемелік суреттерден емес, өмірдегі шынай оқиғалар арқылы үйретеді. Мектеп аулаларында нағыз «қойылым» ұйымдастырады: кәсіби каскадерлер жол апатын имитациялап, автобус тасасынан атып шыққан жолаушының қалай көлік астына түсетінін, машинаның тежегіші қаншалықты баяу жұмыс істейтінін және асығыс әрекеттің адам өмірін қиюы мүмкін екенін көрсетеді.
Мұндай бағдарламалар қорқыныш арқылы мәселенің шешімін табуға көмектеседі. Бұл – шоу емес, 2000-шы жылдардың басынан бері полицияның қатысуымен Жапонияда жүргізіліп отырған мемлекеттік оқыту жүйесі. Осы 20 жылдан астам уақыт ішінде Жапонияда жол апатынан қаза табатын балалар саны (0-14 жас) 50 пайызға азайған екен. Бала жол апатының қалай болатынын көргенде, ол ақпаратты тек миымен емес, эмоциясымен қабылдайды. Тежегіштің шиқылын естіп, қауіптің қаншалықты жақын екенін сезінген оқушы жолға атып шығудың соңы неге соғатынын ешқашан ұмытпайды.
Japan Automobile Research Institute (2015) зерттеуі көрсеткендей, осындай рөлдік ойындардан кейін 8-9 жастағы балалардың жолдан өту дағдысы едәуір жақсарып, қателік жасау қаупі төмендеген. Бізге де осы тәжірибені енгізіп, мектептерде құрғақ теорияның орнына шынайы демонстрациялар өткізген абзал, — дейді Шымкент қалалық прокуратурасы әкімшілік және атқарушылық іс-жүргізу заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Жасұлан Ораз.


