Жаңартылған Ата заңның мән-маңызын жан-жақты түсіндірілді.
М. Әуезов атындағы ОҚЗУ-де жаңа Конституцияның қабылдануына орай оқытушылар мен студенттердің қатысуымен маңызды кездесу өтті.
Жиын барысында ғалымдар жаңартылған Ата заңның мән-маңызын жан-жақты түсіндіріп, оның қоғамдағы рөлі мен заң талаптарын сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Спикерлер жастарды өз құқықтарын талап етуде белсенді болуға шақырып, азаматтық ұстанымды нығайту арқылы ғана ел күткен Әділетті Қазақстанды құруға болатынын атап өтті.
Кездесуді «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент Ардақ Монтаев ашып, қатысушыларды тарихи маңызы зор құжаттың қабылдануымен құттықтады. Ол Конституциядағы алдағы өзгерістер елдің жарқын болашағына бағытталған нақты қадам екенін айтты.
Сондай-ақ, заң ғылымдарының докторы, профессор Айсана Сман сөз сөйлеп, 15 наурыздың Конституция күні ретінде белгіленуінің маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, Ата заң – барлық құқықтық жүйенің іргетасы, сондықтан оны білу әрбір азамат үшін міндет.
Жиын барысында референдумның халықтың тікелей қатысуы арқылы маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін тиімді демократиялық құрал екені де айтылды. Әсіресе, 18 жасқа енді толған жастардың белсенділігі қоғамдағы оң өзгерістердің көрінісі ретінде бағаланды.
Сонымен қатар, жаңа Конституцияда кәмелетке толған азаматтардың ата-анасына қамқорлық жасау міндеті де қарастырылғаны сөз болды.
Белсенді студент Анара Аубакирова алғаш рет референдумға қатысып, халықтың жоғары белсенділігі өзіне ерекше әсер қалдырғанын бөлісті.


