​Жаңа Конятитуция: Азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуына ерекше маңыз берілуде

0
162

Бұл өзгерістер құқықтық мемлекетті қалыптастыруға және қоғамдағы әділеттілік пен сенімді арттыруға бағытталған.


​Жаңа Конятитуция: Азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуына ерекше маңыз берілуде

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылау және түсіндіру мақсатында Шымкент қаласындағы «Болашақ» колледжінде талқылау жиыны өтті. Іс-шараға оқу орнының оқытушылары мен магистрлер қатысып, еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудағы негізгі басымдықтар жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.

Жиын барысында заң ғылымдарының магистрі Аяулым Төленбекова жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, бұл құжат Қазақстанның болашаққа бағытталған стратегиялық даму бағытын құқықтық тұрғыда бекітетінін атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң жобасы отбасы мен неке секілді дәстүрлі құндылықтарды қорғауға, ұлттық бірлікті сақтауға, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тең дәрежеде қамтамасыз етуге бағытталған нақты құқықтық негіз қалыптастырады.
– Жаңа Конституция Қазақстанды халықаралық қауымдастық алдында адам құқықтары мен заң үстемдігін басты құндылық ретінде ұстанатын, білім мен ғылымға негізделген, өркениетті әрі тарихи жауапкершілігі жоғары мемлекет ретінде танытатын маңызды қадам болмақ. Бұл құжат әрбір азаматқа, әсіресе жас ұрпаққа, ел болашағын қалыптастырудағы өз жауапкершілігін сезінуге, ұлттық мақтаныш пен ортақ тарихи миссияны терең ұғынуға мүмкіндік береді, – деді А.Төленбекова.
Сонымен қатар, баяндамашы жаңа редакциядағы Конституцияда Конституциялық соттың мәртебесі күшейтіліп, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі артатынын атап өтті. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда Конституциялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болады.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасында заң үстемдігі қағидатын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән берілгені айтылды. Бұл өзгерістер құқықтық мемлекетті қалыптастыруға және қоғамдағы әділеттілік пен сенімді арттыруға бағытталған.
Іс-шара соңында қатысушыларға Жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Аталған жиынға қатысушылар еліміздің жаңа Конституциясы жобасына қолда білдірді.
Бөлісу