​Жаңа Конституциядағы әлеуметтік кепілдіктер мен азамат құқықтары түсіндірілді

0
64

Жиын қорытындысында спикер алдағы референдумның тарихи маңызын атап өтті.


​Жаңа Конституциядағы әлеуметтік кепілдіктер мен азамат құқықтары түсіндірілді

Шымкент қаласындағы «Отбасын қолдау орталығында» қала тұрғындарымен кездесу өтті. Басқосуға қандастар, еңбек адамдары мен зейнеткерлер қатысып, жаңа Конституцияда көзделген әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктер кеңінен түсіндірілді.

Жиынға арнайы қатысқан заңгер-срапашы Ердәулет Тастанбек баяндама жасап, Ата заңды маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, 1995 жылы қабылданған Конституция өз кезеңінің талаптарына толық жауап бергенімен, қазіргі жаһандық өзгерістер мен жаңа сын-қатерлер жағдайында құқықтық жүйені жетілдіру уақыт талабы болып отыр.
– Әлем қарқынды өзгеруде. Заң қоғамның дамуына серпін беріп, азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуі тиіс. Уақыт өткен сайын жаңа талаптар туындайды. Сондықтан жаңа Конституция – бұл ең алдымен әділеттілік қағидатын нығайтып, әр азаматтың құқығын заманауи жағдайда тиімді қорғауға бағытталған қадам, – деді сарапшы.
Кездесу барысында әр отбасы үшін маңызды әлеуметтік кепілдіктердің күшею тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, қолжетімді медициналық қызмет көрсету, сапалы әрі тегін білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қолдаудың жаңа әрі тиімді механизмдерін енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ұсыныстар ортаға салынды.
Сонымен қатар, табиғи ресурстарды басқару мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жаңа Конституцияда жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі екені нақты бекітілетіні айтылды. Бұл норма ел байлығының игілігі бүкіл қоғам мүддесіне қызмет етуіне берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Жиын қорытындысында спикер алдағы референдумның тарихи маңызын атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Конституцияны қабылдау – елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын стратегиялық шешім.
– Бұл – азаматтардың үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Референдумда берілген әр дауыс адам құқығы мен заң үстемдігін нығайтуға қосылған үлес болмақ, – деп түйіндеді Ердәулет Тастанбек.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және конституциялық реформалардың мәнін кеңінен түсіндіруге бағытталды. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституцияға қолдау білдірді.
Бөлісу