​Ваучерлік жүйе: Шымкентте кәсіпкерлер мен жауапты органдар түйткілді мәселелерді талқылады

0
71

Қазіргі таңда бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жүйесіндегі пилоттық жүйе Астана және Шымкент қалаларында енгізіліп отыр


​Ваучерлік жүйе: Шымкентте кәсіпкерлер мен жауапты органдар түйткілді мәселелерді талқылады

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Білім салалық кеңесінің отырысы өтті. Палата директоры Сабира Адамбекованың модераторлығымен өткен жиынға Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев, қалалық әкімдік басқармаларының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.

Кеңес отырысында көрсетілетін білім беру қызметін алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, балаларға арналған қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жоба талқыланды.
«Балалар мен жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында қосымша білім беру саласындағы пилоттық ваучерлік жүйе енгізілуде. Бұл жүйе ата-аналарға үйірмелер мен секцияларды таңдауға мүмкіндік береді, ал мемлекет тарапынан бұл қызметтерге балаға берілген ваучер арқылы ақы төленеді. Мұндағы мақсат – ата-аналар өз баласын спорт секциясына немесе шығармашылық үйірмеге қатыстыру құқығын растайтын ваучер алады. Осы жүйенің жұмысын талқылау үшін бас қосып отырмыз», – деді Палата директоры Сабира Адамбекова.
Қазіргі таңда бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жүйесіндегі пилоттық жүйе Астана және Шымкент қалаларында енгізіліп отыр, осыған орай жергілікті атқарушы орган өкілдері жаңа жүйенің тетіктерін толығырақ түсіндіріп берді.
«Шымкентте бұл жүйенің операторы болып қалалық білім басқармасы белгіленді. Қазіргі таңда қала әкімінің қаулысына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұған дейін қызмет жеткізушілермен бірнеше кездесу өтіп, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде өнім берушілердің барлығының тізбесі бекітілген. Олардың жұмысына комиссияның құрамына сәйкес мониторинг жүргізіліп, аяқталып келеді. Бұдан былай қосымша білім беру «1 бала – бір ваучер» қағидатымен жүргізіледі. Білім, мәдениет және спорт бағытында комиссияның үш тобы құрылып, оның құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, өнім берушілер қауымдастығының жетекшілері қосылған», – деді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Бағлан Үмбетбаев.
«Кәсіпкерлермен кездесулер нәтижесінде, қызмет жеткізушілердің уәждері ескеріле отырып, қаулыға өзгерістер енгізілуде. Мысалы, ғимараттағы бала санына шақталған душ саны азайтылды, кәсіпкерлердің басқа да тілек-талаптары ескерілуде. Аты аталып тұрғандай – бұл пилоттық жоба. Ең бастысы – барлығы балалардың денсаулығы, білімі үшін жүзеге асырылып жатыр. Тарифке де қатысты соны айтуға болады. Жалпы, қосымша білім беруге бөлінген қаражат мөлшері азайған жоқ. Тек оқитын, үйренетін балалардың қатарына бұрын болмаған санаттар қосылды, яғни, сол қаржының бір бөлігі ерекше күтімді қажет ететін балаларға да арнайы бөлініп отыр», – деп түсіндірді Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Ермек Дәрменов.
Жиында кәсіпкерлер көптеген тауар мен қызмет құнының қымбаттағанын айтып, шығындары артып жатқанын, үйірмелерді жүргізуге едәуір қаржы құйғанын жеткізді, осыған орай ваучердегі тариф құны айлық-есептік көрсеткішке байланыстырылса деген ұсыныстарын айтты.
«Қала әкімінің орынбасарының қатысуымен өткен жиында сіздер айтқан талаптар, ұсыныстар (мысалы, бөлменің биіктігі) қабылданып, қаулыға өзгерістер енгізілуде. Тарифке келер болсақ, базалық норматив ретінде 15 мың теңге қарастырылған. Ол өзгерген жоқ. Алдағы уақытта бұл тариф айлық-есептік көрсеткішке байластырылуы мүмкін», – деді Бағлан Үмбетбаев.
Кәсіпкерлер, сонымен қатар, көрсетілген қызметке аударылатын қаржыны кешіктірмеуді сұрады. Жергілікті атқарушы орган өкілдері «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен жиын өткенін айтып, қаржыны мерзімінде аудару бойынша барынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Бұл ваучерлік жүйе қосымша білім беруге енді енгізілгенімен, бұған дейін мектепке дейінгі білім беру жүйесіне енгізіліп, осындай қызу талқылау болған еді. Мұндағы принцип – бір бала бір үйірмеге барып, барлық баланың үйірмелер мен секцияларға бірдей қатысу құқығы сақталуы керек. Пилоттық жүйені ҚР Білім және ағарту министрлігі бекітіп берген соң жергілікті атқарушы органдар оны жүзеге асыруға міндетті. Ал прокуратура органдары жүйенің жүзеге асырылуының заңдылығын қамтамасыз етеді. Егер қызмет көрсетушіге пилоттық жоба аясында талаптар қойылса, қызмет көрсетушілер оған сай болуға міндетті. Қазіргі таңда ваучер бойынша мектепке дейінгі білім беру саласында шағымдар жоқ. Сондықтан, қандай да бір түйткілді мәселені шешу үшін осындай диалог алаңдары, кездесулер өте қажет. Осы бағытта прокуратура Кәсіпкерлер палатасымен тығыз жұмыс атқаруда. Қандай да бір күрделі проблема болған жағдайда прокуратура араласып, қадағалауға алады. Ең бастысы – балалардың болашағы үшін. Баршаңызды ваучерлік жүйеге сай болып, бәсекеге қабілетті болуға шақырамын. Мемлекет ешқандай кәсіпкердің немесе инвестордың құқығын топтауға жол бермейді», – деді Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев.
Жиынды қорытындылай келе Сабира Адамбекова жоба пилоттық болғандықтан, оны іске асыру барысында туындайтын сұрақтар мен ұсыныстар тиісті уәкілетті органдар назарына жеткізілетінін мәлімдеді.
Бөлісу