Қазақстанда туа біткен жүрек ақауы (ТЖА) балалар арасындағы ең жиі кездесетін патологиялардың бірі болып отыр.
Астана қаласындағы UMC Жүрек орталығының мамандары Шымкентте Облыстық балалар ауруханасында «Балалардағы туа біткен жүрек ақаулары, ерте диагностиканың маңызы, сондай-ақ ата-аналарды қолдау және медицина мамандарының біліктілігін арттыру» тақырыбында шеберлік сағатын өткізуде.
Іс-шара аясында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияға UMC Жүрек орталығының маманы, балалар кардиологы Айкерім Жанатқызы және Шымкент қаласының бас штаттан тыс кардиологы Қалдыбаева Раушан Нұржамалқызы қатысып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ олар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Қазақстанда туа біткен жүрек ақауы (ТЖА) балалар арасындағы ең жиі кездесетін патологиялардың бірі болып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 380 мыңнан астам бала осы диагнозбен тіркелген. Жыл сайын шамамен 2,5 мың жаңа жағдай анықталады, яғни әрбір 1000 жаңа туған сәбидің сегізінде жүрек ақауы кездеседі.
Шымкент қаласындағы жағдай да алаңдатарлық. Қалада 18 жасқа дейінгі 500 мыңнан астам бала тұрады, олардың шамамен 1,5 мыңы туа біткен жүрек ақауларымен диспансерлік есепке алынған. Жыл сайын Шымкентте жаңа туған балалар арасында 300-ге жуық жүрек ақауы анықталады.
Мамандардың айтуынша, туа біткен жүрек ақауларының ең қауіпті тұсы – аурудың бастапқы кезеңінде ешқандай белгі бермеуі. Көп жағдайда өмірдің алғашқы апталарында немесе айларында балада айқын симптомдар байқалмайды. Алайда уақытылы диагноз қойылып, медициналық араласу жасалмаса, бұл дерт ауыр асқынуларға алып келіп, тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
Қазіргі таңда Қазақстанда туа біткен жүрек ақауларына арналған хирургиялық оталар үш ірі орталықта ғана жүргізіледі. Олар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан. Бұл орталықтарға өңірлерден жүздеген бала жіберіледі.
2024 жылы елімізде туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 1,7 мыңнан астам хирургиялық ота жасалған. Оның шамамен 500-і Астанадағы UMC Жүрек орталығында орындалды. Ал 2025 жылы Шымкент қаласында осы бағытта 58 балаға ота жасалған.
Оның 34-іне өңірдің өзінде операция жасалса, қалған балалар республикалық орталықтарға жолданған.


