Шымкент қаласы №24 «Алма» бөбекжай-бақшасында «Аналар күні» және «15 мамыр - халықаралық отбасы күніне» арналған іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық тәрбиенің негізін қалаушы аналардың қоғамдағы рөлін ардақтау, сондай-ақ жас ұрпаққа ізгілік, мейірімділік, өзара сыйластық пен отансүйгіштік қасиеттерін сіңіру.
Шара барысында балалардың орындауындағы «шашу» биі, «ұлттық құндылық – халық қазынасы» көрмесі, ұлттық киіз үйді тамашалау, балалар ансамблінің өнері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, Шымкент қалалық ҚХА жанындағы «Ынтымақ» этносаралық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гауһар Төлепова, бөбекжай меңгерушісі Тойбаева Гүлмира сөз сөйледі.
Іс-шарада «Әкем – бәйтерегім, ұлым – мұрагерім», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Ұлттық құндылық – ел қазынасы», «Отбасы – ошақ қасы», «Аналар мектебі», «Бала қиялындағы әлем», «Отбасы – бақыт мекені», «Логопед жұмысындағы заманауи әдістер», «Мейірімділік пен ізеттілік» тақырыптарында топтар өз жұмыстарын көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылармен пікір алмасу, талдау, қорытындылау өткізілді. Жиынға кеңес мүшелері, жас буын өкілдері мен студенттер де белсенді қатысты.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, балалардың ұлттық рухта тәрбиеленуіне, отбасылық құндылықтарды насихаттауға, ата-ана мен тәрбиешілер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.