Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саладағы нақты статистиканы қалыптастырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың қай бағытта күшейтілуі қажет екенін айқындауға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында орналасқан “Болашағы зор” шаруа қожалығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына орай арнайы түсірілім өтті.
Шаруашылықтың жұмыс барысы мен алдағы жоспарларымен танысу мақсатында ұйымдастырылған шараға статистика департаментінің мамандары қатысты. Шаруа қожалығының иесі Мақсат Лесбекұлының айтуынша, негізгі бағыттары – мал бордақылау. Қазіргі таңда шаруашылықта 800-ге жуық ірі қара, 1000-ға тарта қой және 200-300 шамасында жылқы бар. Жоспар бойынша алдағы қыркүйек айынан бастап бордақыға қойылатын мал саны артпақ. Кәсіпкер қожалықтың даму жолын әуелі хобби ретінде алған жиырма бас қозыдан бастағанын, бүгінде үлкен шаруашылыққа айналғанын атап өтті.
– «Бүгінде біз қисар қойын өсірумен қатар жылқы мен ірі қараны да бордақылап, тірідей өткізудеміз. Өзбекстан нарығына да шығарып үлгердік. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қолдау бар: жеңілдетілген несие, техникаға лизинг беріледі. Біз де құжаттарымызды рәсімдеп, несие мен техниканы алуға дайындалып жатырмыз», – деді ол.
Ал Шымкент қаласының статистика департаментінің өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы статистикасы бөлімінің басшысы Ержан Төлбасиевтің айтуынша, санақ 1 тамыздан басталып, еліміз бойынша жүргізілуде.
– «Қазіргі таңда Шымкент қаласында 1450 шаруа қожалығы онлайн санақтан өтті. Қала аумағында 7180 шаруа қожалығы бар, барлығын 30 тамызға дейін санақтан өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 13 арнайы учаске ашылып, интернетпен және мамандармен қамтылды. Жеке тұрғындардың есігінің алдындағы малдары санаққа кірмейді, тек шаруашылықтар мен кәсіпкерлер қатысады», – деді ол.
Сондай-ақ ол санақтан өтпеген жағдайда ескерту жасалатынын, ал бірнеше рет ескертуден кейін де бас тартқан қожалықтарға заң аясында әкімшілік шара қолданылатынын жеткізді. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саладағы нақты статистиканы қалыптастырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың қай бағытта күшейтілуі қажет екенін айқындауға мүмкіндік береді.