Шымкенттің оқушылары АҚШ-тағы роботтехника сайысында жеңіске жетті

0
65

Бұл жеңіс – тек Шымкенттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның ортақ жетістігі.


Шымкенттің оқушылары АҚШ-тағы роботтехника сайысында жеңіске жетті

АҚШ-тың Хьюстон қаласында FIRST World Championship 2026 роботтехника жарысы мәресіне жетті. Сайысқа әлемнің үздік командаларымен бірге шымкенттік Назарбаев Зияткерлік мектебінің OVERTIME командасы қатысты.

Қазақстанның намысын қорғаған жерлестеріміз Reach Award Winner 1st Place номинациясын жеңіп алды.
OVERTIME командасы өз жұмысында инклюзия бағытына ерекше назар аударып келеді. Олар роботтехниканы тек жарыс алаңымен шектемей, қоғамдағы ерекше қажеттілігі бар жандарға пайдалы әлеуметтік жобалармен ұштастырып жүр.
Соның бірі – зағип жандарға арналған тактильді кітап. Бұл кітап Брайль шрифті арқылы әзірленіп, роботтехника негіздері, FIRST және робот құрастыруға арналған қарапайым нұсқаулықтарды қамтиды. Команда мүшелері бұл кітаптарды Шымкенттегі «Үміт» мектебіне арнайы барып, сыйға тартты.
Сонымен қатар, оқушылар есту қабілеті шектеулі жандарға арналған Soyle атты ақылды көзілдірік жасап шығарды. Бұл құрылғы сыртқы дыбыстарды мәтінге айналдырып, көзілдірік экранында көрсетеді. Бұдан бөлек, балабақшаға арналған танымдық кітаптар дайындады. Бұл жобалар балалардың ерте жастан дамуына, ойлау қабілетінің қалыптасуына және жаңа дүниені қолмен сезіну арқылы үйренуіне мүмкіндік береді.
Бұл жеңіс – тек Шымкенттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның ортақ жетістігі.
Бөлісу