Балалар өздерінің мектеп партасында жүріп-ақ мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезіне бастағанын және болашақта ел қауіпсіздігін қорғайтын нағыз мамандар болуға ұмтылатынын дәлелдеді.
Шымкент қаласындағы №89 мектеп-лицейінің қабырғасында еліміздің тарихы мен мемлекеттілігінің маңызды белесін айшықтайтын айтулы шара өтті. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Президент Жарлығының қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған патриоттық іс-шара жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты нығайтып, мемлекеттік құндылықтарды ұлықтауды мақсат етті.
Үшінші мегаполистің тәртіп сақшылары мен білім беру саласының мамандары бірлесе отырып, оқушылар үшін нағыз қаһармандық пен адалдықтың мектебіне айналған «Ерлік сабағын» жоғары деңгейде ұйымдастырды.
1995 жылы қабылданған Мемлекеттік наградалар туралы Жарлық — еліміздің егемендігін нығайтуға, оның қауіпсіздігі мен гүлденуіне үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалаудың басты құралы. Осы айтулы датаға орайластырылған кездесуге мемлекеттік наградалардың иегерлері — қызмет бабында асқан ерлік көрсеткен, бейбіт күннің батырлары шақырылды.
Кездесу барысында меймандар өздерінің қызмет жолындағы қиын да қызықты сәттерімен бөлісті. Олар үшін әрбір медаль мен орден — тек марапат қана емес, ол Отан алдындағы зор жауапкершіліктің, сертке адалдықтың және ұйқысыз өткен түндер мен қауіп-қатерге толы сәттердің айғағы. Батыр ағаларымыз бен апаларымыз жастарға «Отанды сүю — ұрандату емес, оған адал қызмет ету» екенін қарапайым әрі әсерлі тілмен жеткізді.
Іс-шараның ең әсерлі бөлімі №89 мектеп-лицейіндегі «Жас сақшы» мамандандырылған сыныптары оқушыларының көрсетілімі болды. Болашақ тәртіп сақшылары өздерінің патриоттық және кәсіби дайындық деңгейлерін көрсету үшін арнайы бағдарлама әзірлеген.
Балалар өздерінің мектеп партасында жүріп-ақ мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезіне бастағанын және болашақта ел қауіпсіздігін қорғайтын нағыз мамандар болуға ұмтылатынын дәлелдеді.
Ресми бөлімнен кейін оқушылар мен қонақтар арасында ашық диалог орнады. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, нағыз ерліктің не екенін, қиын сәтте қобалжуды қалай жеңуге болатынын және мемлекеттік наградаға ие болған кездегі сезімдері туралы сұрады.
Бұл кездесу оқушылар үшін жай ғана танымдық шара емес, жеке тұлғалық дамуға серпін берген маңызды оқиға болды. Мемлекеттік марапат иелерінің өнегелі әңгімелері жастардың бойындағы жақсы қасиеттерді оятып, биік мақсаттарға ұмтылуға жігер берді. Оқушылар ерліктің тек соғыс даласында ғана емес, күнделікті адал еңбекте, білімге деген құштарлықта және айналасындағы адамдарға көмектесуде екенін ұғынды.
Шымкент қалалық полиция департаменті мен білім басқармасының мұндай бастамалары жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және олардың бойында азаматтық ұстанымды қалыптастыруға зор үлес қосуда. Мемлекеттік наградалардың 30 жылдығына арналған бұл «Ерлік сабағы» — ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі іспеттес.
№89 мектеп-лицейінің басшылығы мен ұстаздары атап өткендей, мұндай тірі қарым-қатынас пен шынайы мысалдар оқулықтағы құрғақ теориядан әлдеқайда тиімді. Ерлік пен намысты ту еткен Шымкент жастары осы кездесуден соң өздерінің Отан алдындағы қарызы мен парызын тереңірек сезіне түсті.


