Үндістан астанасы Делиде өтіп жатқан нысана көздеуден Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында екі алтын медаль бар. Шымкенттік спортшы София Шульженко 2 рет жеңіс тұғырынан көрініп, әлем және Азия рекордын жаңартты.
Жеке сындағы 50 метрлік 3 позициядан пневматикалық винтовка сайысының финалында София Шульженко 8 үздік мергеннің арасынан суырылып шығып, 358,2 ұпай жинады. Жерлесіміз қазіргі таңда ересектер мен жасөспірімдер арасындағы рекорд иесі атанып отыр. Күміс және қола медальдар Үндістан спортшыларына бұйырды.
Ал командалық есепте сапында София Шульженко, Арина Малиновская және Елизавета Безрукова бар Қазақстан құрамасы бірінші орынға көтерілді. Мергендердің 1760 ұпайлық көрсеткіші әйелдер командасының биылғы Азия чемпионатында толық басымдық танытқанын көрсетеді.
Азия чемпионаты ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтуде. Биыл Дели қаласына құрлықтың 20 елінен 320 спортшы жиналды. Қазақстан құрамасында әр үш санат бойынша 47 мерген бақ сынауда. Байрақты бәсекенің финалы 13 ақпанда өтеді.


