Үш күндік сындарлы жарыс нәтижесінде қазақстандық оқушылар инженерлік шеберлік, креативтілік пен командалық жұмысты жоғары деңгейде көрсетіп, еліміздің абыройын халықаралық аренада қорғады.
2025 жылғы 7–10 тамыз аралығында Қытай Халық Республикасының Макао қаласында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 халықаралық робототехника чемпионатында Қазақстаннан барған оқушылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Ауқымды дода – Азия аймағындағы робототехника, ғылыми зерттеулер және инновациялық жобалар саласындағы ең беделді жарыстардың бірі. Биылғы чемпионаттың тақырыбы «Су асты әлемін зерттеу» деп аталып, қатысушыларға теңіз экожүйесін сақтау, су асты әлемін зерттеу және инженерлік шешімдерді ұсыну бойынша тапсырмалар берілді. Бұл бағыт қазіргі заман ғылымы мен технологиясында өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
Жарысқа әлемнің 30-дан астам елінен 500-ден астам команда қатысты. Жалпы қатысушылар саны 12 мыңнан асты, оның ішінде жасөспірімдер, жетекшілер мен сарапшылар бар. Үш күнге созылған сындарлы дода барысында жас инженерлер робототехника саласындағы білімдерін сынап қана қоймай, командалық жұмыстағы бірлігін, зерттеушілік қабілетін және шығармашылық ойлау деңгейін көрсетті.
Қазақстан атынан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында құрылған инновациялық шығармашылық орталықтарының өкілдері мен бірқатар білім беру ұйымдарының оқушылары бақ сынады. Олар өз жобаларын халықаралық деңгейдегі төрешілерге ұсынып, роботтардың техникалық мүмкіндігін, бағдарламалау шеберлігін және экологиялық шешімдердің тиімділігін дәлелдеді.
Нәтижесінде, Қазақстандық Yassi командасы (Шымкент қаласындағы №149 мектептің оқушылары) үздіктер қатарынан көрініп, екі бірдей марапатқа ие болды. Арнайы төрешілердің шешімі бойынша жасөспірімдерге Core Values Award (негізгі құндылықтарды ұстанғаны үшін) және Engineering Excellence Award (инженерлік шеберлік үшін) жүлделері табысталды. Бұл марапаттар тек техникалық жетістіктерді ғана емес, сонымен бірге балалардың бір-біріне қолдау көрсетуін, ынтымақтастық пен әділдік қағидаттарын сақтай білуін жоғары бағалағанын көрсетеді.
Қазақстандық жас дарындардың халықаралық аренадағы осындай жетістігі – еліміздің білім беру жүйесі мен жасөспірімдер арасындағы инженерлік ойлау қабілетінің, ғылыми ізденістің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Шараға қатысқан балалар үшін бұл тәжірибе болашақ мамандық таңдаудағы сенімді қадам, ал еліміз үшін жас таланттарды қолдаудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай чемпионаттар жас буынға тек робот құрастыруды ғана емес, сонымен қатар заманауи ғылымға қызығушылықты арттыруды, командада жұмыс істеуді, идеяны жобалап қана қоймай, оны нақты іске асыруды үйретеді.
Қазақстандық оқушылардың жеткен жеңісі – келешекте олардың халықаралық деңгейде тағы да биіктерден көрінуіне жол ашатын маңызды белес. Енді ел мақтанышына айналған жас инженерлерге жаңа жобаларда сәттілік тілей отырып, олардың табысы өзгелерге үлгі болмақ.