2025 жылдың алғашқы алты айында полигонға 132 528 тонна қалдық жеткізілген.
Шымкент қаласы жыл өткен сайын өсіп келе жатқан мегаполис ретінде экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) басқару – бүгінгі күннің басты экологиялық міндеттерінің бірі.
2023 жылдан бастап қаладағы қалдықтар Ақтас елді мекеніндегі, жалпы ауданы 34 гектарды құрайтын ҚТҚ полигонында қабылданып келеді. Бұл полигон «Шымкент сушар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне бекітілген.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті басышының міндетін атқарушы Сабыр Дастанұлы мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы алты айында полигонға 132 528 тонна қалдық жеткізілген. Оның ішінде:
• Сұрыпталғаны – 42 357 тонна (яғни, 32% үлес),
• Қайта өңдеуге жарамды шикізат – небәрі 984 тонна,
• Сұрыптау кезіндегі шығын – 27 тонна,
• Көмуге жіберілген қалдық – 131 544 тонна.
Бұл – жалпы қалдық көлемінің 99,3%-ы көміледі деген сөз. Қалдықтарды өңдеу мен кәдеге жарату саласының әлі де жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетеді.
Салыстырар болсақ, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 120 715,5 тонна қалдық шығарылып, 31,02%-ы ғана сұрыпталған.
Қоқыс жинау жүйесі: Контейнерлер мен көліктер
Бүгінде қала бойынша 2937 контейнер орнатылған:
• Пластик қалдықтар үшін – 205,
• Құрғақ және ылғалды фракцияларға – 250,
• Сынапты қалдықтарға – 50,
• Нан қалдықтарына – 200.
Жоспар бойынша, 2026 жылға дейін сынапты қалдықтарға арналған контейнерлер жыл сайын 50 бірлікпен артады.
Қаладан қалдықтарды тасымалдаумен 15 кәсіпорын айналысады. Жалпы саны 113 автокөлік, олардың 88-і GPS жүйесімен жабдықталған. Бұл – қоқыс жинау және тасымалдау процесін бақылау мен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Экологияны жақсарту мақсатында қабылданған «Шымкент қаласының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» (2020–2025) аясында 24 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде:
• Атмосфералық ауа – 6 іс-шара
• Көгалдандыру – 6
• Су ресурстары – 5
• Қалдықтарды басқару – 7
• Жер ресурстарын қорғау – 1
Қазіргі таңда:
• 7 іс-шара толық орындалды,
• 6 – толық орындалмаған,
• 11 – орындалу үстінде.
Орындалған маңызды шаралар:
1. Көлік шығарындыларын бақылау бойынша рейдтік шаралар.
2. Ірі кәсіпорындарда автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйелерін енгізу.
3. Қаланың жасыл желектерін төлқұжаттау және реестр жасау.
4. Сәуле шағынауданында саябақ салу.
5. Су объектілерінің су қорғау белдеулерін бекіту.
6. Қалдықтарды сұрыптау қуаттылығын арттыру.
7. Бей-берекет қоқыс үйінділерін жою.
2025 жылдың екінші жартысына арналған Экология департаментінің басты жоспарлары:
• Жол картасының орындалуын бақылау жалғастырылады;
• 16 кәсіпорынға профилактикалық және сәйкестікке тексеру жүргізіледі;
• Қала аумағындағы өзендерге, ірі кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарына мониторинг жасалады, атап айтқанда:
o Қошқар ата, Қарасу, Бадам, Сайрамсу өзендері;
• Бей-берекет қоқыс орындарын анықтау мақсатында рейдтер ұйымдастырылады;
• Кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру бойынша құзырлы органдармен бірлесіп іс-шаралар өткізіледі.
Шымкент қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі – әлі де дамытуды қажет ететін сала. Полигонға түсетін қалдықтың басым бөлігі өңдеусіз көмілуі – экологияға ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін. Мамандар қалдықтарды сұрыптау қуаттарын ұлғайтып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті көтеру қажеттігін алға тартуда. Қала билігі мен экология саласындағы құзырлы органдар бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуге ниетті.