Шымкентте жүргізушілердің талабы тыңдалып, түсіндірме жұмысы жүргізілді

0
49

Еңбекші ауданында 25-ке жуық коммуналдық мемлекеттік мекеме жүргізушілері жиналып, еңбек жағдайына қатысты бірқатар мәселелерді көтерген болатын.


Шымкентте жүргізушілердің талабы тыңдалып, түсіндірме жұмысы жүргізілді

Шымкентте коммуналдық мекеме жүргізушілері арасында туындаған жағдай бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көтерілген мәселелер өз шешімін тапты.

Күні кеше Еңбекші ауданында 25-ке жуық коммуналдық мемлекеттік мекеме жүргізушілері жиналып, еңбек жағдайына қатысты бірқатар мәселелерді көтерген болатын. Атап айтқанда, жұмыс кестесінің нақты реттелмеуі мен еңбек тәртібінің толық түсіндірілмеуі қызметкерлер арасында түсініспеушілік туғызған.
Осыған байланысты бүгін жүргізушілермен қала әкімінің аппарат басшысы, Еңбекші ауданының әкімі және Еңбек инспекциясының өкілдері кездесіп, ашық форматта жиын өткізді. Кездесу барысында барлық қызметкерлердің уәжі тыңдалып, көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланды.
Қызметкерлер тарапынан жұмыс кестесін жүйелеу, демалыс күндері еңбек еткен жағдайда заңнамаға сәйкес өтемақы төлеу немесе қосымша демалыс беру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, мекеме басшылығының қызметкерлермен қарым-қатынасына қатысты да шағымдар айтылды. Айтуларынша, кей қызметкерді негізсіз жұмыстан шығармақ болған.
Қала әкімінің аппарат басшысы Берік Әшірбеков барлық өтініштер жазбаша түрде қабылданып, заң аясында қаралатынын жеткізді.
«Қала әкімі коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін бағалайды және оларға құрметпен қарайды. Сондықтан ешбір қызметкер заңсыз жұмыстан шығарылмайды. Жұмыс кестесін реттеу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Демалыс күндері жұмысқа тартылған жағдайда міндетті түрде басқа күні демалыс берілуі тиіс. Еңбек заңнамасының сақталуы тұрақты бақылауда болады. Ал мекеме басшылығына қатысты айтылған мәселелер қызметкерлердің арызы негізінде заң аясында қаралады», – деді ол.
Жүргізушілер өз кезегінде көтерілген барлық сұрақтарға нақты жауап алғандарын айтып, қабылданған шешімдерге қанағаттанатынын жеткізді.

«Барлық мәселе бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілді. Жұмыс кестесі реттелетін болды. Ешкімнің заңсыз жұмыстан шығарылмайтынына көз жеткіздік. Мекеме басшылығына қатысты арыздарымызды заң аясында жазбаша беретін болдық. Қабылданған шешімдерге қанағаттанамыз. Біз қаланың тазалығы үшін жұмысымызды жалғастырамыз», - дейді жүргізуші Қайрат Қонысбаев.

Қазіргі таңда барлық жүргізуші жұмысқа шығып, мекеме штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.
Бөлісу